Бас жаңалықтар
Алматыда қала күні онлайн форматта өтеді
18 Қыркүйек 2020, 20:28 131

Алматыда қала күні онлайн форматта өтеді

Алматы, BAQ.KZ. Санитарлық нормаларды сақтау және коронавирус  инфекциясының өсуіне жол бермеу мақсатында қала күніне арналған негізгі шаралар онлайн форматта өтеді.

 
Қала күнін мерекелеу аясында Мәдениет басқармасы 60-тан астам мерекелік шараларды ұйымдастырды. Олар - онлайн концерттер, оффлайн және онлайн форматтағы көрмелер, түрлі байқаулар мен акциялар.
 
19 қыркүйекте «Алматы» галереясында Әлима Хайдарова мен Бауыржан Сәбитовтың баламалы фотосуреттерінің көрмесі ашылады, мекенжайы: Достық даңғылы, 44. Бұл көрме  4 қазанға дейін жалғасады.
 
Алматы қаласының орталықтандырылған кітапхана жүйесі әлеуметтік желілер парақшаларында «Алматы менің сүйікті қалам», «Таңқаламын келбетіңе, ару қала - Алматы!», «Мың бояулы қала» атты  суреттер байқауын және «Әсем қала - Алматы» (20 қыркүйек), «Тарихы терең Алматы» (20  қыркүйек), «Алматы қаласының тарихи орындарын білесің бе?» (25 қыркүйек) атты онлайн викториналар өткізеді. Оларға  алматылықтардың барлығы қатыса алады. Оқырмандар кітапханалардағы Қала күніне арналған «Алматы – Тәуелсіз Қазақстанның мерейі», «Алматы - жүрегімде» атты көрмелерде болып, кітаптарға шолу жасайды.
 
Мереке күндері Алматының хайуанаттар паркі қала тұрғындары мен қонақтары үшін ашық болады. Ал келе алмайтындар әлеуметтік желілердегі өздерінің парақшаларында «Өткеннен болашаққа» атты виртуалды саяхатқа және «Хайуанаттар  паркінің білгірлері» атты  онлайн викторинаға қатыса алады.

Мерекелік шаралар өтетін нысандарда маскалық және  арақашықтық режимі қатаң сақталады әрі бұлардағы  адам саны 15-20-дан көп болмауы тиіс. 

19 қыркүйекте сағат 11.00-де Қазақ мемлекеттік циркінің алдындағы алаңда қала күнін мерекелеу аясында цирк  артистері мерекелік өнер көрсетеді.

20 қыркүйекте Youtube  арнасында Alatau Theater  «Алатау» дәстүрлі өнер театры артистерінің қатысуымен  «Алматы – ару қалам» атты мерекелік концертті онлайн режимде көрсетеді.
 
20-21 қыркүйекте Youtube  арнасында Almaty ayenderi  Алматы қаласы әкімінің эстрадалық-симфониялық оркестрінің және концерттік оркестрдің онлайн концерттері қолжетімді болады.
 
26-27 қыркүйекте Almaty Film Daysв Іскерлік алаңы онлайн режимде көрсетіледі. Ұлттық киноға қолдау көрсетудің Мемлекеттік орталығының  арналары Facebook және YouTube әлеуметтік желілері арқылы қазақстандық және ресейлік сарапшылардың қатысуымен «дөңгелек үстелдер», шеберлік сыныптарын өткізеді, кино көрсетіледі әрі бұлардың барлығы  онлайн- трансляцияланады. 

Пікірталастар стримингтік алаңдарда өзара қарым- қатынасты  қалыптастыруға және пираттыққа қарсы күреске арналады. Оған мемлекеттік құрылымдар өкілдері, телекоммуникациялық компаниялар, шығармашылық зиялы қауым қатысады.
 
Жаздан бері «Атакент» іскерлік орталығы аумағында жұмыс істеп келе жатқан «Тикетон» автокинотеатрында алматылықтар Шәкен Аймановтың аңызға айналған әрі биыл шыққанына 50 жыл толатын «Атаманның ақыры» фильмін, сонымен қатар шыққанына 49 жыл толатын «Қыз Жібек» фильмін көре алады.
 
27 қыркүйекте Алматы телеарнасының эфирінде және  Youtube-те Almaty Creative  пандемиямен күресте алдыңғы шепте болған медицина қызметкерлеріне арналған  ынтымақтастық онлайн концерті өтеді. Концертте Қайрат Нұртас, «KeshYou», «МұзАрт», «Mad Men» топтары өнер көрсетеді.
 
30 қыркүйекте Youtube арнасынан Қала күні аясында Мемлекеттік Қуыршақ театрының «Өмір-өзен» спектакльінің премьерасы және композитор Ш. Қалдаяқовтың 90 жылдық мерейтойына  арналған көнцерт ұсынылады.

Фото: ашық дереккөз
Загрузка...