Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Алматы облысында өндірістік цехта болған жарылыс салдарынан бір адам көз жұмып, үшеуі зардап шекті. Бұл туралы ҚР Ішкі істер министрлігі Төтенше жағдайлар комитетінің ресми өкілі Нұрсұлтан Нұрахметов мәлім етті.
«31 тамыз күні сағат 12.22 кезінде Алматы облыстық ТЖД-ның жедел кезекші бөліміне Қарасай ауданы Райымбек ауылында газбетонды блок шығаратын цехтың жарылғаны туралы хабарлама келіп түсті. Жоғары қысыммен газбетонды өндірісті жүргізу кезінде автоклав атылып, жарылыстан цех ішінара бұзылған», - деп хабарлады ол.
Жарылыс салдарынан түтін шығатын құбырдың бір бөлігі жеке тұрғын сектордың аумағына ұшып түскен.
«Жарылыс орнында 1961 жылғы ер адамның денесі табылды. Сонымен бірге, оқиға орнынан әртүрлі жарақатпен аудандық ауруханаға үш адам жеткізілді», - делінген хабарламада.
Қазіргі уақытта жарлыстың неден шыққаны және келтірілген шығын мен зардап шеккендер туралы анықталып жатыр.