Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Алматы облысының бас санитарына қатысты қызметтік тергеу жүргізілетін болды. Бұл туралы Денсаулық сақтау министрлігінің ресми өкілі Бағдат Қожахметов Facebook-тегі парақшасына жазды.
Еске сала кетсек, бұған дейін әлеуметтік желілерде Алматы облысының бас санитарлық дәрігері Ерғали Сыдымановтың Талдықорған кәсіпкерлерімен кездескен видеосы тараған болатын. Кәсіпкерлер сол сәтте оның өзін дөрекі ұстағанына шағымданды.
Бүгін ҚР Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой Алматы облысының бас санитарлық дәрігері Ерғали Сыдыманов Талдықорғандағы жергілікті базар кәсіпкерлерімен кездесуі кезінде қала тұрғындарына дөрекі сөйлеген, интернет пен БАҚ-та жарияланған бейнені зерттеді. Денсаулық сақтау министрі азаматтардың наразылығын түсінеді және мұндай мінез-құлық мемлекеттік қызметкер үшін қолайсыз деп санайды. Осыған байланысты министр Алматы облысының бас санитарлық дәрігеріне қатысты қызметтік тергеуді бастауды тапсырды, - деді Бағдат Қожахметов.
Сондай-ақ, ол бүгінде талқылау жалғасып жатқанын, оның нәтижесін Денсаулық сақтау министрлігінің Медиа орталығы көпшілікті ведомствоның ресми сайтында және әлеуметтік желілеріндегі аккаунттарда хабардар ететінін жеткізді.
Айта кетейік, Мемлекеттік қызмет істері агенттігі Ерғали Сыдымановқа қатысты тәртіптік іс қозғалатынын хабарлады.