Алдағы бес жылда ел экономикасын дамытудың жоспары әзірленді

25 Тамыз 2020, 09:20
1856
Бөлісу:
Алдағы бес жылда ел экономикасын дамытудың жоспары әзірленді

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Қазақстан экономикасын дамытудың 2021-2025 жылдарға арналған үш ықтимал жоспары әзірленді. 

Бұл туралы бүгін онлайн өткен Үкімет отырысында ұлттық экономика министрі Руслан Дәленов айтты. 

Оның айтуынша, ел экономикасын дамытудың бес жылдық жоспары ішкі және сыртқы факторларды ескеріп жасалды.

Консервативті тәсілді ескере отырып, бюджеттік жоспарлау үшін базалық сценарийді пайдалану ұсынылады. Базалық сценарийде жалпы ішкі өнімнің нақты өсуі 2021 жылы 2,8% деңгейінде болжанып отыр. 2025 жылы ол 4,6%-ке жетеді. Номиналды жалпы ішкі өнім 2021 жылы 76,7 трлн теңгені, ал 2025 жылы – 104,8 трлн теңгені құрайды, - деп атап өтті министр. 
Сондай-ақ, болжам бойынша алдағы жылы мұнай өндіру 86,0 млн тоннадан 2025 жылы 100,7 млн тоннаға дейін өседі. 

Елдің барлық  базалық саласында оң өсім болады деп күтілуде. Министрдің мәліметіне сүйенсек, болжам бойынша өңдеу өнеркәсібі жылына орта есеппен 6,7%-ке өсіп, кен өндіру өнеркәсібіне қарағанда озық қарқынмен өседі. Кен өндіру өнеркәсібінде өсім 2,9% деңгейінде болады. Орташа жылдық өсу қарқыны ауыл шаруашылығында - 6,2%,  саудада - 5,5% құрайды.

Тауарлар экспорты 2021 жылы 41,4 млрд долларды құрап, 2025 жылы 51,5 млрд долларға дейін ұлғаю күтілуде. Импорт 2021 жылғы 36,3 млрд доллардан 2025 жылы 37,8 млрд долларға дейін өседі, - дейді Руслан Дәленов.

Өзгелердің жаңалығы