Алдағы 5 жылда елімізде қандай зауыттар салынатыны белгілі болды

22 Қаңтар 2020, 05:20
4931
Бөлісу:
Алдағы 5 жылда елімізде қандай зауыттар салынатыны белгілі болды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі жаңа мемлекеттік бағдарламаның аясында қандай нәтиже жоспарланып отырғанын жариялады.

Ведомстводан хабарлағандай, 2019 жылғы 31 желтоқсанда Үкімет қаулысымен ҚР индустриялық-инновациялық дамытудың 2020-2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы бекітілді. Ішкі және сыртқы нарықта өңдеу өнеркәсібі кәсіпорындарының бәсекеге қабілеттілігінің әрі қарай өсуі - ИИДМБ 3.0 мақсаты болып отыр. Бағдарлама мақсаттарының ішінде: ішкі және сыртқы нарықтарда сұранысқа ие өңделген тауарлар өндірісінің көлемін ұлғайту және номенклатурасын кеңейту; негізгі өндірістерді дамыту және стратегиялық жобаларды іске асыруды ынталандыру арқылы өнеркәсіптік қуаттарды ұлғайту; өңдеу өнеркәсібі салаларын технологиялық дамыту және цифрландыруды қамтамасыз ету бар.
ИИДМБ 3.0 іске асыру кезеңінде экспортқа бағытталған 40 негізгі жобаны іске асыруға баса назар аударылатын болады. Соның ішінде, күрделі тыңайтқыштар өндірісінің кешені "Еврохим Қаратау", полиэтилен өндірісі бойынша Borealis жобасы, Жамбыл облысында кальций қосылған сода өндірісі «Yildirim Holding». Машина жасау саласында Қостанай облысында "КАМАЗ" автомобиль арнайы техникасы мен техника автокомпоненттері өндірісін, Алматы қаласында Hyundai жеңіл автомобильдер өндірісін, сондай-ақ Claas KgaA mbH неміс ауылшаруашылық машина жасау алыбымен бірлесіп, ауыл шаруашылық техникасы өндірісін іске қосу жоспарлануда», - делінген ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің хабарламасында.
 
ИИДМБ 3.0 енгізуден күтілетін нәтижелер: өңдеу өнеркәсібінде еңбек өнімділігін 2018 жылмен салыстырғанда 1,6 есеге нақты өсіру (бір адамға шаққанда 55,9 мың долларға дейін); өңдеу өнеркәсібінде экспорт көлемін 2018 жылғы деңгейге қарағанда 1,9 есеге өсіру ($15,8-ден $29,5 млрд дейін); өңдеу өнеркәсібінің негізгі капиталына инвестициялардың физикалық көлемі индексін 2018 жылғы деңгеймен салыстырғанда 1,6 есеге өсіру ($3,6-дан 5,9 млрд дейін).

Айта кетейік, индустрияландыру арқылы экономиканы әртараптандыру бағыты еліміздің тұңғыш президенті Нұрсұлтан Назарбаевпен 2010 жылы белгіленген. Алғашқы екі бесжылдықтың қорытындысы бойынша өңдеу өнеркәсібі 70 трлн теңгеге өнім өндірді, ал адам басына шаққанда еңбек өнімділігі 35,3 мың АҚШ долларына жетті.



Өзгелердің жаңалығы