«Ақбидай». Жамбы атудың жеңімпаздары анықталды

18 Қазан 2021, 17:49
10413
Бөлісу:
«Ақбидай». Жамбы атудың жеңімпаздары анықталды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Ақтау қаласында «Ақ бидай» республикалық VІІ ауыл спорт ойындары өтіп жатыр.

14 облыстан келіп, 14 түрлі спорттан сынға түсіп жатқан 2 мыңнан астам спортшы 10-20 қазан аралығында өзара мықтыны анықтайды.

Салауатты өмір салтын насихаттау, халық арасында ұлттық және бұқаралық спортты дамыту мақсатында төрт жылда бір рет өткізілетін ойында жамбы атудың да мықтылары анықталды.

Ат үстінде жамбы атудың үш стилінен сынға түскен 22 спортшы мергендігін танытуға барын салды.

Әуелі «корей» стилінен сынға түсті.

Садақ атудың классикалық түрі саналатын бұл спортта Жамбыл облысының сұр мергені Бақдәулет Бабажанға тең келер ешкім табылмады.

І орын – Бабажан Бақдәулет (Жамбыл облысы) 74,38 ұпай

ІІ орын – Сарыбай Айтбек (Түркістан облысы) 72,07 ұпай

ІІІ орын – Айкөз Ералхан (Түркістан облысы) 70,22 ұпай

Екінші «түрік» стилі бойынша Алматы облысынан келген мерген Нарұл Ерболаттың алдына түсетін мерген жоғы белгілі болды. Нарұл «корей» стилі бойынша да жақсы нәтиже көрсетіп, (66,28 ұпай) 4-орынға тұрақтаған болатын.

І орын – Ерболат Нарұл (Алматы облысы) 58,42 ұпай

ІІ орын – Айкөз Ералхан (Түркістан облысы) 50,85 ұпай

ІІІ орын – Сарыбай Айтбек (Түркістан облысы) 49,6 ұпай

Үшінші айналым қай кезде де жамбы атудың шешуші кезеңі. Бұл кезеңде мергендер «қазақ» стилінен сынға түседі. «Қазақ» стилінде Түркістан облысының сұрмергені Айтбек Сарыбай топ жарды. Қадада қалтқыған жамбыға қапысыз мерген ғана тигізетінін дәлелдеді.

І орын – Сарыбай Айтбек (Түркістан облысы) 27,97 ұпай

ІІ орын – Жүсүбалин Нұрсұлтан (Ақмола облысы) 27,5 ұпай

ІІІ орын – Сағымбек Олжас (Алматы облысы) 23,71 ұпай

Жеңімпазды анықтаудың тәртібі бойынша үш стильде алған ұпайларының қосындысы бойынша Айтбек Сарыбай «Ақбидай» ауыл спорты турнирінің Жамбы ату спорты бойынша жеңімпазы атанды.

І орын – Сарыбай Айтбек (Түркістан облысы) – жалпы ұпай саны 149,64.

ІІ орын – Бабажан Бақдәулет (Жамбыл облысы) – жалпы ұпай саны 133,83

ІІІ орын – Айкөз Ералхан (Түркістан облысы) – жалпы ұпай саны 133,51.

ІІІ орын – Ерболат Нарұл (Алматы облысы) – жалпы ұпай саны 130,95.

Фото: Мақсат Шағырбаев

Өзгелердің жаңалығы