Аида Балаева: BAQ.KZ тынымсыз тірлігінің арқасында жетекші агенттікке айнала білді

25 Қараша 2020, 09:14
2131
Бөлісу:
Аида Балаева: BAQ.KZ тынымсыз тірлігінің арқасында жетекші агенттікке айнала білді

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Ақпарат және қоғамдық даму министрі Аида Балаева «BAQ.KZ» ақпарат агенттігінің ұжымын 10 жылдық мерейтойымен құттықтады.

Құрметті «BAQ.KZ» ақпарат агенттігінің ұжымы!

Сіздерді «BAQ.KZ» ақпарат агенттігінің 10 жылдық мерейтойымен шын жүректен құттықтаймын!

Бүгінде «BAQ.KZ» ақпарат айдынындағы қарқыны мен тынымсыз тірлігінің арқасында аз уақыттың ішінде еліміздегі ұлт тілінде ақпарат тарататын жетекші агенттікке айнала білді. Агенттіктің мемлекеттік саясатты насихаттауда еліміздің мерейлі сәттерін, оң өзгерістерін паш етумен қатар, халқымыздың мәселелеріне мән беру тұрғысынан Тәуелсіз Қазақстанның дамуына қосқан үлесі зор, - делінген хабарламада. 

Сондай-ақ ол ақпарат агенттігінің 10 жыл ішінде атқарған жұмысына тоқтала отырып, мемлекет пен қоғам арасына ізгі жол салып, алтын көпірге айналғанын айрықша атап өтті. 

10 жыл ішінде BAQ.KZ ақпарат агенттігі еліміздегі елеулі оқиғалар туралы жедел ақпарат таратып қана қоймай, ел тарихының жазылуына өлшеусіз үлес қосып келеді. Агенттік ұжымы сәт сайын ақпарат таратумен қатар, мемлекет пен қоғамды байланыстыратын алтын көпір қызметін де атқаруда. Бұл агенттік қызметкерлерінің кәсіби деңгейінің жоғары екенінің көрінісі. 

Болашақта да уақыт сынынан сүрінбей өтіп, беделді әрі еліміздің мүддесі мен қоғам дамуына лайықты үлесін қосатын қуатты құрал болып қала беретіндеріңізге сенімдімін. 

Сіздерді бүгінгі мерейтойларыңызбен құттықтай отырып, алдағы уақытта әрбір игі бастамаларыңыз бен креативті жобаларыңызға сәттілік, дендеріңізге саулық, отбасыларыңызға амандық, бақ-береке тілеймін!, - деп тілегін жолдады Аида Балаева. 

Айта кетейік, BAQ.KZ ақпарат агенттігі Мемлекеттік тілдің өрісін кеңейту және тілдерді қолдану мен дамытуға арналған мемлекеттік бағдарламаны жүзеге асыру мақсатында 2010 жылдың қараша айында құрылды.

Өзгелердің жаңалығы