Адамдық парызымды орындадым – субұрқақта тоқ соққан жандарды құтқарған Абылай осылай дейді

21 Маусым 2021, 18:21
3956
Бөлісу:
Адамдық парызымды орындадым – субұрқақта тоқ соққан жандарды құтқарған Абылай осылай дейді

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Алматыда субұрқақтың жанында тоқ соққан адамдарды құтқарған Абылай Балапанов Қазнеттің жұлдызына айналды. Tengrinews.kz құтқарушы жігітті тауып, оны әңгімеге тартқан.

19 жастағы Абылай Балапанов Алматы облысының тумасы. Satbayev University оқу орнында инженер мамандығы бойынша білім алуда.

Сол күні ол метрода келе жатып, цирктің жанындағы стансадан шығады. Оқиғаны сол жерде байқаған.

Мен орындықта кітап оқып отырғанмын. Бір кезде әйелдің айғайлаған дауысын естідім. Ол «өліп барады» деп айғалайды. Сол жерге жүрігіп барып, субұрқақтың ішінде әйел мен қыздың жатқанын көрдім. Олар суға бетімен қарап жатты. Көмекке шақырған әйел оларды тоқ соғып жатқанын айтты. Сол кезде субұрқақ іске қосылғанда оларды тоқ соғып жатқанын көрдім. Қыздың денесі жиырылғанын байқадым. Ойланбастан суға секірдім. Қыздың анасының жанына жақындағанда аяғымды тоқ соққанын сездім. Кері шегініп, субұрқақтың сөнгенін күтіп тұрдым да, сөнді дегенде әйелді судан көтеріп, жиекке қойдым. Одан кейін қызды шығаруға қайта кірдім. Тағы да субұрқақтың сөнуін күттім, алайда қолайлы сәтті пайдалана алмадым, қызды ұстай бергенде өзімді де тоқ ұрып, суға құладым. Бір жағымды шала сездім, сонда да судан шығуға тырыстым. Жаныма ер адам келіп көмектесті. Қызды да сол алып шықты, - дейді ол.

Абылай өзін ерлік жасадым деп санамайды.

Менің орнымда кез келген адам солай жасар еді. Көмекке шақырған дауысты естегенде дереу бардым. Судағы адамдарды көргенде ойлануға мұрша болмады. Мен адамдық парызымды атқардым деп ойлаймын, - дейді ол. 

Естеріңізге сала кетейік, осыдан бірнеше күн бұрын Алматыда субұрқақтың жанынада отырған адамдарды тоқ соққан болатын.

Өзгелердің жаңалығы