Абай болуымыз керек - Қытай елшісі митинг туралы

10 Желтоқсан 2019, 18:36
8683
Бөлісу:
Абай болуымыз керек - Қытай елшісі митинг туралы
Фото: автордан

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Қытай Халық Республикасының Қазақстандағы төтенше және өкілетті елшісі осы жылы елімізде болған митингілерге қатысты пікір білдірді.

Айтуынша, наразылық шаралары белгілі бір тараптың арнайы геосаяси жағдайды пайдаланып, қарсылық  ұйымдастырып отырған арнайы шарасы.

Бұл митинг, наразылық шаралары, түрлі негатив пікір қазіргі геосаяси жағдайдың фонында болып жатыр. Сондықтан бұл сұраққа жауапты қазіргі геосаяси жағдаймен байланыстыра отырып жауап беруге болады. Мысалға, неліктен  Таяу Шығыстағы ахуал күрделеніп кетті? Неліктен Боливияда аяқ астынан билік ауысты? Неге жарты жыл бойы Сянганда  болып жатқан тәртіпсіздіктер басылудың орнына ушығып, экстремистік актілерге ұласып кетті. Сырттай қарағанда бұлар бөлек-бөлек оқиға болып көрінуі мүмкін. Бірақ біреулер геосаяси құйтырқы мақсатпен әлем бойынша "құмалақ шашуды" көздейді. Біздің жағдай да сондай. Екі ел (Қазақстан мен Қытай - авт.) арасындағы қарқынды әрі тұрақты дамып келе жатқан қатынас ешкімге кедергі келтірмеуі керек қой. Бірақ бір адамдарға бұл жағдай ұнамай қалып, ашу туғызды. Сондықтан олар аяқтан шалуға тырысып бағады. Қытайды осыдан 10-15 жыл бұрын "Қытай тек Қазақстанның ресурстарына көз тігіп отыр" деген айып тағылды. Қытай ел экономикасын индустрияландыруға, өңдеу өнеркәсібіне және т.б. қаржы құймайды деген айып болды. Ал, бүгінде  біз "Бір белдеу, бір жол" бағдарламасын қарқынды дамытып, 55 жобаны сәтті іске асырып жатқанда "Қытай ескі нысандар арқылы экологияны ластауды, кейін халқын көшіріп әкелуді, тіпті территорияны алуды көздеп отыр" деген қауесет таратты. Мұндай пікірлердің авторына "Сенің бұрын және қазір істеп жатқаныңның еш маңызы жоқ, сен сол кезде дұрыс сөйлемедің және қазір де дұрыс емес,  бәріне сен кінәлісің" деймін. Өздері осы уақытқа дейін бір зауыт тұрғызбады, көпір салмады, бірақ отырып алып, өзгенің әрекетіне араласып отыр. Барлық жерде мораль туралы айтады. Бұл екіжүзділік емес пе? - деді дипломат.

Елші аталған себептерден бөлек, өзі айтып отырған үшінші тарап ұлтаралық қақтығыс туғызуды көздейді деген пікір білдірді. 

Бұл әлі барлығы емес. Бұдан бөлек олар Шыңжанда тұратын этникалық қазақтарды пайдаланып, ұлтаралық қақтығыс туғызбақшы. Біз Президенттің өткен аптадағы сұхбатын көрдік. Ол нақты жауап берді. Шыңжанда тұратын қазақтар - ҚХР азаматтары. Олар ҚХР заңнамасы аясында өмір сүріп жатыр. Бұл адамдар Шыңжандағы тұрғындардың құқығын ойлап жатыр деген иллюзия болмайтын шығар деп ойлаймын. Шындығында, осы әңгімелерді пайдалану - астыртын тактика. Олар кез келген уақытта қазақтар мен орыстар, ұйғырлар, өзбектер, тәжіктер арасындағы қарым-қатынасты құртуға тырысуы мүмкін. Ұзын тізбек қой. Сондықтан,  абай болуымыз керек, - деді елші Чжан Сяо.
Өзгелердің жаңалығы