Ақтөбе, BAQ.KZ тілшісі. Nur Otan партиясының Ақтөбе облыстық филиалының кезектен тыс XXVIII конференциясы өтті. 180 делегат Партия Төрағасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Халыққа көмек», «Бақытты отбасы», «Ауыл – ел бесігі», «Құтты мекен» ұлттық жобаларының өңірде орындалуын талқылады.
Nur Otan партиясының төрағасы Нүрсұлтан Назарбаевтың халықтың әл-ауқатын арттыруға бағытталған төрт әлеуметтік жобасын жүзеге асыруда ақтөбеліктер белсенділік танытып жатыр. Биыл аймақта «Құтты мекен» жобасымен 18 елді мекенге көгілдір отын тартылады. 7 мыңнан астам адам газбен қамтылады. 4,5 мыңға жуық ақтөбелік сапалы ауыз сумен қамтамасыз етіледі. Халықты сумен жабдықтау үшін құны 3 млрд теңгеден асатын 20-дан көп жоба жүзеге асырылады.
«Елбасы тапсырмасындағы «Халыққа көмек» жобасының мақсаты - халықпен байланысты нығайту. Аталған жоба аясында Ақтөбе қаласында Халықтық кеңсе ашылды. «Бір терезе» қағидасымен 600-ден астам қызмет түрлері көрсетіледі. Осындай кеңсе Шалқар ауданында ашылды. Алда Алға және Ырғыз аудандарында ашу жоспары бар. «Халық қауіпсіздігін қамтамасыз ету» жобасы аясында арнайы топ әр аудан, ауылдарға барып, нақты 16 мың тұрғынға көмек көрсетті. Әкімдер ашық кабинеттерде халықты қабылдайды. «Ауыл – ел бесігі» жобасы аясында кәсіпкерлер туған ауылдарына қолдау білдіріп жатыр. Былтыр бизнес өкілдері құны 2 млрд теңге болатын 344 жобаны жүзеге асырды. Алда Мәртөк ауданындағы спорт ғимаратын күрделі жөндеу жұмыстары басталады. Бадамша, Шұбарқұдық және Мәртөк ауылдарында 3 дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің құрылысы басталып, көшелеріне жөндеу жұмыстары жүргізіледі», - деді облыс әкімінің орынбасары Олжас Смағұлов.
Ақтөбе өңірінде 16 жаңа мектептің құрылысы жүріп жатыр. Биыл 15-і пайдалануға беріледі. «Бақытты отбасы» жобасы аясында әлеуметтік осал топтар қатарына кіретін 720 отбасы баспаналы болды.
«720 отбасы пәтерлі болды. Олар әлеуметтік осал топтарға жатады. 3 жыл ішінде бюджеттен тыс қаражат есебінен 110 пәтер беріледі. Аз қамтылған азаматтарға біржолғы әлеуметтік көмекті 2 есеге ұлғайту, көп балалы отбасылар үшін тұрғын үйдің бастапқы жарнасын субсидиялау, аз қамтылған отбасы балаларын мектептерде 100-ін тамақпен қамту, аз қамтылған азаматтардың 3 мыңын қайта оқыту, тағы 5 мың адамды жұмысқа орналастыру жұмыстары жүргізіледі», - деді «Nur Otan» партиясы облыстық филиалы фракциясының мүшесі Әсел Сарманова.
Биыл «Дипломмен ауылға» жобасымен 600 адам мемлекеттен қолдау табады. Nur Otan партиясы облыстық филиалының кезектен тыс конференциясында партияның кезектен тыс XIX съезіне баратын делегаттар да сайланды. 23 сәуірде болатын съезге Ақтөбеден 30 адам қатысады.