2022 жылы елімізде 244 млн ағаш отырғызылады

15 Маусым 2021, 12:50
2312
Бөлісу:
2022 жылы елімізде 244 млн ағаш отырғызылады

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Орталық коммуникациялар қызметі алаңында ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар вице-министрі Әлия Шалабекова орман қорында 2 млрд ағаш отырғызу жобасы туралы айтып берді.

Еске сала кетсек, Мемлекет басшысының еліміздің орман қорында 5 жыл ішінде 2 млрд ағаш отырғызу туралы тапсырма берген болатын.

Вице-министрдің сөзінше, Қазақстан шағын орманды мемлекеттер қатарына кіреді. Орман қоры жерінің жалпы ауданы 30 млн гектарды құрайды және ол ел аумағының 11%-ын алады. Орманмен қамтылған жерлер 13 млн га алып жатыр, елдің ормандылығы 4,8%-ға тең.

Ормандардың ең көп ауданы Қызылорда, Жамбыл облыстарында орналасқан. Бұл негізінен сексеуіл екпелері. Шығыс Қазақстан және Алматы облыстарында ең құнды ағаш түрлерінің қоры шоғырланған. Олар майқарағай, самырсын, балқарағай және шырша, - дейді Шалабекова.

Жобаны іске асыру шеңберінде Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі облыс әкімдіктерімен бірлесіп, ормандарды толықтыру мен орман өсірудің 2021-2025 жылдарға арналған кешенді жоспарларын әзірледі.

Осындай кешенді жоспарлар орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетіне ведомстволық бағынысты табиғат қорғау мекемелері мен ұйымдарында әзірленді. Осы кешенді жоспарлар шеңберінде облыстар әкімдіктерінің, ерекше қорғалатын табиғи аумақтардың, орман пайдаланушылардың, халықаралық донорлардың, табиғат пайдаланушылардың және өзге де бастамашыл топтардың күшімен орман отырғызу көзделген, - деп атап өтті вице-министр ОКҚ-да.

Оның сөзінше, ормандарды молықтыру және орман өсіру жөніндегі іс-шаралар, оның ішінде облыстар бойынша ағаш отырғызу көлемдері ғылыми ұсынымдар мен орман өсіру талаптарына сәйкес жоспарланған.

Осы көктемде біздің елімізде 21 мың 600 га жерге 81 млн 500 мың ағаш отырғызылды. Күзгі отырғызу 48 млн 200 мың ағашты құрайды. Жыл сайын отырғызылған ағаштардың саны өсіп келеді. Мәселен, келесі жылы шамамен 244 млн ағаш отырғызу жоспарланып отыр, 2023 жылы – 411 млн, 2024 жылы – 573 млн және 2025 жылы – 643 млн ағаш, - деп атап өтті ол.

Вице-министр атағандай, сексеуіл, қарағай, үйеңкі сияқты ағаш түрлері отырғызылады.

Өзгелердің жаңалығы