Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. ҚР Ұлттық экономика министрі Руслан Дәленов 2020-2024 жылдарға арналған әлеуметтік-экономикалық даму болжамы туралы айтты.
Болжамды қалыптастырудың негізгі факторлары: бірінші, жалпы ішкі өнім бойынша 2018 жылғы есептік статистикалық деректер. 2019 жылдағы экономика дамуының динамикасы. 9 айдағы Жалпы ішкі өнімнің өсуі 4,3% құрады. Инфляция нысаналы дәлізде (5,3%), инвестициялар 9,7% деңгейінде өсіп келеді. Екінші, әлемдік экономиканың өсуі бойынша өзектендірілген болжамдар. Үшінші, әлемдік тауар нарықтарындағы үрдістер. Әлемдік қаржы ұйымдарының мәліметтеріне сәйкес 2019 жылы мұнай бағасының консенсус-болжамы 65 долларды құрайды. Ал 2020 жылы бір баррель үшін 63 долларына дейін төмендейді, - деп айтты Ұлттық экономика министрі.
Ол болжам мен бюджеттік параметрлерді қалыптастыру үшін базалық сценарий негізге алынып, мұнай бағасы 55 доллар көлемінде болжанатынын айтты.
Жалпы ішкі өнімнің нақты өсуі 2020 жылы 4,1% деңгейінде болжанып отыр. 2024 жылы ол 4,7% жетеді. Орташа жылдық өсу қарқыны 5 жылда 4,4% құрайды. Жалпы ішкі өнімнің өсуі жалпы жинақтың, ішкі тұтынудың және экспорттың өсуі есебінен қамтамасыз етіледі. Инвестициялар экономикалық өсуді қолдаудың маңызды факторы болады. Салалық бөліністе негізгі өсім өңдеу өнеркәсібі, қызмет көрсету саласы және құрылыс секілді шикізаттық емес секторға тиесілі болады. Бұл салалардың орташа өсімі – 4,7% деңгейінде. Жалпы ішкі өнімнің өсуіндегі салымы 3,5 проценттік тармақты құрайды, - деді Дәленов.
Оның сөзінше мұнай өндіру көлемі 2020 жылы 90 миллион тоннадан, 2024 жылы 100 миллион тоннаға дейін өседі. Өндірудің өсуі Теңіз, Қарашығанақ, Қашаған кен орындарын кеңейту, сондай-ақ теңіздегі оларды пайдалануға беру есебінен болады.
Номиналды жалпы ішкі өнім 2020 жылы – 75 трлн теңгені, ал 2024 жылы 106 трлн теңгені құрайды. 2020-2021 жылдары инфляцияның жылдық нысаналы дәлізі 4,0-6,0% деңгейінде сақталды. Ал 2022-2024 жылдары ол дәліз 3,0-5,0% шегінде болады.
Ол макроэкономикалық болжамның негізінде 2020-2022 жылдарға арналған бюджет параметрлер болжамы әзірленгенін айтты.
Республикалық бюджеттің кірістері (трансферттерді қоспағанда) болжам бойынша 2020 жылы – 8,1 трлн теңге, 2021 жылы – 8,7 трлн теңге, 2022 жылы 9,5 трлн теңгені құрайды. Бюджет тапшылығы 2020 жылы ЖІӨ қарағанда – 2,1%, кейіннен 2021 жылы – 1,5% дейін және 2022 жылы 1,0% дейін төмендеуімен жоспарлануда. Осы параметрлерді есепке ала отырып, республикалық бюджеттің шығыстары 2020 жылы 12,9 трлн теңге, 2021 жылы 13,2 трлн теңге, 2022 жылы – 13,7 трлн теңге көлемінде айқындалды, - деп айтты Ұлттық экономика министрі Парламент Сенатының отырысында.
Оқи отырыңыз: