2018 жылы eGOV порталына 14 млн шабуыл жасалған

18 Ақпан 2019, 14:50
2249
Бөлісу:
2018 жылы eGOV порталына 14 млн шабуыл жасалған

Астана, BAQ.KZ тілшісі. 2019 жылы ҚР ҰҚК Ақпараттық қауіпсіздікті ұлттық үйлестіру орталығымен бірлесе Киберқауіпсіздік оқиғаларына қарсы әрекет ету жөніндегі Security Operation Center құрылады.

«Ұлттық ақпараттық технологиялар» басқарма төрағасы Әсет Тұрысовтың айтуынша, 2018 жылы «Электрондық үкімет» порталының қауіпсіздік жүйесінде 142 млн шабуыл тіркеліп, барлығы бұғатталған.

«Бұл орталық (Security Operation Center – автор) шабуылдар мен хакерлік әрекеттерді бақылау ғана емес, электрондық үкімет пен мемлекеттік ақпараттық жүйелерді қорғап, талдап, әрі қарай жетілдіруге ұсыныстарын жасайды», - деді Әсет Тұрысов.

Басқарма төрағасы барлық шабуылдар тіркелетінін, «Электрондық үкімет» порталында жүйелерді қорғайтын шешімдер кластері барын айта кетті.

«Ақпараттық қауіпсіздікті қорғайтын блок бар. Осы орталық аясында біздің блок ақпараттық қауіпсіздікті бақылайды, қандай да бір сыртқы және ішкі көздерден ауытқыған әрекеттер болса олар жедел бұғатталады. 140 млн шабуыл бұл тоқтатылғандары, азаматтар мұны байқамайды, себебі бұл – орталық пен құрылымның жұмысы. Әдеттегіден тыс ауытқулар тіркелсе онда бұл жұмысқа ҰҚК жанындағы мемлекеттік техникалық қызмет қосылып, барлық деректер мен жүйелер тоқтаусыз жұмыс істеуі үшін бірлесе операциялардан қорғау шаралары жүргізіледі», - дейді спикер.

Әсет Тұрысов ақпараттық қауіпсіздікті қорғау шараларын жалғастыра отырып порталдың резервтік алаңы құрылатынын айтты.

«Ұзақ уақыт бойы «Электрондық үкіметте» резервтік (сақтық) алаң болмады. Бізде бірнәрсе бола қалған жағдайда, құдай сақтасын... 2018 жылы мұндай алаңды жүзеге асырып, алғашқы жарты жылдық соңында резервтік алаңымыз толық жұмыс істейді», - деп сөзін түйіндеді ол.

Назерке Абибулла

Өзгелердің жаңалығы