2018 жыл Алматы үшін несімен есте қалды?

3 Қаңтар 2019, 10:50
2016
Бөлісу:
2018 жыл Алматы үшін несімен есте қалды?

Алматы, BAQ.KZ тілшісі. Өткен 2018 жыл алматылықтар үшін несімен есте қалды? Осы сауал төңірегінде қалада болған елеулі оқиғаларға тоқталып өтсек.


Сонымен жыл басы, яғни «Наурыз-2018» бір ай бойы тойланып, 15 наурыздан 25 сәуір аралығында қалада 148 мәдени шара өтіпті. Мереке барысында спорттық, мәдени – бұқаралық шаралар, жастар акциялары, көрмелер мен концерттер ұйымдастырылған. Мәселен, Астана алаңында жыл сайынғы дәстүрлі үлкен мерекелік концерт, ұлттық ас мәзірі фестивалі өтті. Мереке күндері алаңда 6 киіз үй тігіліп, 14 инсталляция орнатылды, балалар және спорт орындары, Орта Азияның қолданбалы өнер шеберлерінің шеберлік сыныптары ұйымдастырылды. Негізгі мерекелік концертке ТМД-ның 6 елінен және Түркиядан 500-ден астам артистер мен 1500 еріктілер қатысқан. Сондай-ақ, осы Наурыз мейрамында әлемдегі ең ұзын құрақ көрпені тігу жұмысы басталған еді.

Алып тиін

Алматылықтар үшін есте қаларлық жайттың бірі «Атакент» халықаралық көрме орталығының алдына тұрғызылған алып тиіннің мүсіні болды десек артық болмас. Жаздың орта шегінде «қалада сабаннан тиіннің мүсіні тұрғызылып жатыр» деген ақпарат алдымен әлеуметтік желіде тарады. Кейіннен оны британдық суретші Алекс Ринслер жасағаны және оған 23 млн теңге жұмсалғаны белгілі болды. Оның арты үлкен дауға ұласып, әлеуметтік желі қолданушылары арасында көпке дейін қызу талқыланып келді.

Алматылық тиіннің биіктігі 13 метрге дейін жетіп, ол әлемдегі ең биік тиін атанды. Осылайша бұл мүсін Қазақстан рекордтар кітабына енген еді. Тиіннің мүсінін жасауға – 15 тонна темір, 3 тонна сабан, 3 тонна ағаш жұмсалған.

Кейіннен қала әкімі Бауыржан Байбек мүсін төңірегінде айтылған сын-пікірлерге жауап беріп, оған жұмсалған қаражат өзін ақтағанын жеткізді. Өйткені алып тиін туралы ақпарат шетелге дейін жетіп, тіптен БИ-би-си арнасынан да хабарланған. Тіптен, бұл мүсінге ресейліктер құда түсіп отыр екен деген де ақпарат тараған болатын.

9 айға ғана шыдамды деп салынған мүсін қазір қала тұрғындарының ең көп баратын орнына айналған, қалаға келген қонақтар тиіннің қасына барып суретке түсуді әдетке айналдырған.

Денис Тенмен қоштасу

Алматының жайма-шуақ күндерінің бірінде мәнерлеп сырғанаушы Денис Теннің пышақ жарақатынан өлгендігі жөнінде ақпарат тарап, қаланы күңірентіп жіберді. 19 шілде күні 2014 жылғы Сочи олимпиадасының қола жүлдегері, Азия ойындарының жеңімпазы Денис Тен 25 жасында ұрылардың қолынан мерт болды. Көп қан жоғалтқан спортшының өмірін дәрігерлер сақтап қала алмады. Спортшының тапа-тал түсте әрі қаланың қақ ортасында көліктің айнасына бола кісі қолынан қаза табуы қоғамда үлкен резонанс туғызды. Көпшілік Денистің өліміне тәртіп сақшыларының жұмысын сынға алды. Әлеуметтік желілерде марқұмның жақындарына көңіл айтып, биліктен кінәлілерді тауып, жазаға тартуды талап еткен қолданушылар жазбалары толассыз жарияланып жатты.

Құқық қорғау органдары көп ұзамай спортшының өліміне қатысы бар күдіктілерді ұстап, олардың өз кінәсін мойындағандықтарын хабарлады. Қазір Нұрәлі Қиясов, Арман Құдайбергенов және Жанар Толыбаева спортшының өліміне байланысты қамауда отыр. Екі күдікті ұрлық, қарақшылық жасады және кісі өлтірді деп айыпталуда, ал Жанар Толыбаеваға қылмысты хабарламады деген кінә танылуда.

Орны толмас бұл қайғылы жағдай Алматы жұртшылығын ғана емес, бүкіл Қазақстан елін есеңгіретіп тастағаны белгілі. Спортшының есімін мәңгілік сақтау мақсатында алдағы уақытта ол туралы кино түсірілмек, сондай-ақ жақында Денис Тен атындағы академия ашылды.

ALMATY FILM FESTIVAL кинофестивалі

Алматыда мәдени шаралар биыл да көп өтті. Солардың бірі тұңғыш рет өткізілген ALMATY FILM FESTIVAL кинофестивалі. Халықаралық деңгейдегі өнер бәйгесі қыркүйек айының ортасында өтті. Онда дәстүрлі қызыл кілем жайылып, отандық және әлемнің әр түкпірінен келген киногерлер жиылды. Сондай-ақ осы шара аясында Канн фестивалінде жүлде алған режиссер Сергей Дворцевойдың атақты «Айка» фильмі алғаш рет көпшілік назарына ұсынылды.

19 қыркүйекке дейін жалғасқан кинофестиваль аясында көрермен назарына 30 кинотуынды ұсынылды. Олардың он шақтысы корнкурстық бағдарламаға қатысты. Қазыларды тәнті етіп, үздік шыққан Гран-при иесіне 3 миллион теңге берілді. Ал «Үздік режиссер» 2 млн теңгені қанжығасына байлады. «Үздік актер мен актриса» және «Қазылар алқасының арнайы жүлдесі» номинацияларына 1 миллион теңгеден қарастырылды.

Фестивальге қатысушы фильмдердің бағасын танымал киногерлер бергендігін айта кету керек. Қазыларға ресейлік танымал режиссер Сергей Бодров төрелік етті.

Кинофестиваль шеңберінде әртүрлі бизнес-форумдар ұйымдастырылып, танымал киногерлер өз шеберлік сабақтарын өткізді. Көрсетілімдер «Достық Плаза» кешеніндегі «Синемакс» және ЦУМ-дағы «Люмиера синема» кинотеатрларында көрсетілді.

Гиннестің рекордтар кітабына енген құрақ көрпе

Қыркүйек айының соңында Алматыда қала күні тойланып, көпшілік назарына ең ұзын құрақ көрпе ұсынылды. 500-ге жуық адам жұмыла тіккен бұл құрақ көрпенің ұзындығы 900 метрге жетті. Гиннестің рекордтар кітабының бас кеңсе қызметкерлері Алматыда жасалған «Құрақ көрпені» әлем бойынша ең ұзын көрпе деп тапқан.

Көрпені тігу жұмысы наурыз айында басталып, бес ай көлемінде тігілген, осылайша ол әлемдік көрсеткішке қол жеткізе білді. Оны ресми тіркеу үшін Ұлыбританиядан арнайы адамдар келіп, сертификат тапсырды.

Junior Eurovision

Биыл Қазақстан «Балалар евровидениесі» халықаралық жобасына бірінші рет қатысты. Соған орай елімізде байқау ұйымдастырылып, іріктеуден өткен 10 өнерпаз Алматыда өткен «Балалар евровидениесінде» ән салды. Нәтижесінде халықаралық байқауларға қатысып үлгерген әнші Данэлия Төлешова жеңімпаз атанды. Минскіде өткен «Балалар евровидениесі-2018» халықаралық байқауында Данэлия «Өзіңе сен» әнін орындап, 6-шы орыннан көріне білді.

 

Тимирязев көшесінде BRT желісі пайда болды

Биыл Алматыдағы Тимирязев көшесіне қоғамдық көліктердің қозғалысын жеңілдететін BRT желісі іске қосылды. Автобустар мен жеңіл көліктер енді бір-біріне мүлдем кедергі келтірмейді. Жалпы бұл көшемен күн сайын 13 бағытқа – автобустар, 4 бағытқа троллейбустар қатынайды екен. Сондай-ақ биыл Алматыда барлығы 8,7 км BRT желісі іске қосылып, автобустардың қозғалысы 53-тен 36 минутқа дейін қысқарған. Сонымен қатар, арнайы жолақпен жаңадан әкелінген сыйымдылығы үлкен автобустар жүруде. Көше бойындағы заңсыз құрылыстар сырылып, арықтар мен веложолдар қайта жөнделді. Бұл әсіресе қоғамдық көлікпен жүретін тұрғындар үшін өте тиімді болды десек артық болмас.

Футзалдан студенттер арасындағы Әлем чемпионаты

Алматы халықаралық спорттық шараларды өткізумен де өте танымал. Қыркүйек айында қаладағы «Алматы-Арена» спорт кешенінде Футзалдан студенттер арасында Әлем чемпионаты өтті. Оған әлемнің ерлер мен әйелдер құрамаларының ең мықты командалары қатысты. Атап айтар болсақ Канада, Германия, Франция, Аргентина, Жаңа Зеландия, Болгария, Португалия, Польша, Хорватия, Словакия, Чехия, Ресей, Қытай, Израиль, Таиланд және Украина елдерінің командалары бақ сынасты. Байрақты бәсекеде Қазақстан құрамасы финалға дейін жетіп, Ресей командасына 4:2 есебімен есе жіберіп, екінші орыннан көрінді.

Әлем барысы

Тұңғыш Президент күніне орай Алматыдағы Балуан Шолақ атындағы спорт сарайында қазақ күресінен «Әлем Барысы» өтті. 29 елдің балуаны қатысқан бұл сайыста еліміздің намысын бес балуан қорғады. Бұл бәсеке де көпшіліктің есінде қалары сөзсіз, өйткені салмағы шағын Ерсұлтан Мұзаппаров өзінен екі есе үлкен түйе балуандардан айласын асыра білді. Тіптен, финалға дейін жетіп, отандасымыз Айбек Нұғымаровқа тегеуірінді қарсылық көрсете білгеніне куә болдық. Дегенімен бұл бәсекеде қарсыластарының бәрін айқын басымдылықпен жеңген Айбек «Әлем барысы» атанды.

Комсомолдың 100 жылдығы

Қазан айында Алматыдағы Абай атындағы опера және балет театрында кеңес одағымен бірге тарап кеткен комсомолдың 100 жылдығы тойланды. Бұл жайт көпшіліктің шамына тиіп, резонанс тудырды. Халық қалаулыларының көпшілігі қатысып, тіптен кейбірінің кеудесіне мерекелік төсбелгінің тағылуы әлеуметтік желі мен сайттарда қызу талқыланып, сын-пікірлердің астында қалған еді.

Өзгелердің жаңалығы