20 млрд-ты неге сұрадың? – Тоқаев Даниал Ахметовке

24 Қаңтар 2020, 11:50
3778
Бөлісу:
20 млрд-ты неге сұрадың? – Тоқаев Даниал Ахметовке
Фото: Бауыржан ЖУАСБАЕВ

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. ШҚО әкімі Даниал Ахметов Абайдың 175 жылдық мерейтойына орай 20 млрд теңге бөлінгенін атап өтті.

Даниал Ахметов Үкіметтің кеңейтілген отырысында берген есебінде Абайдың 175 жылдық мерейтойы аясында 560 іс-шара ұйымдастырылатынын баяндады.

Жалпы 560 іс-шара өткізу көзделген. Оның 24-і  халықаралық, 21-і республикалық, 515-і облыстық деңгейде. Іске асыратын жобалар идеологиялық, рухани және ағартушылық міндеттермен бірге облыстың экономикалық, инфрақұрылымдық, туристік әлеуетін одан әрі дамытуды қамтамасыз етеді. Олардың жалпы сомасы – 20 млрд теңге, - деген Даниал Ахметовтің Абайдың 175 жылдық мерейтойын атап өтуге жоспарланған ақша көлемін де айтты. 

Жаңа сіз 20 млрд теңге керек деп айтып кеттіңіз. Бұл не үшін керек? – деп нақтылады президент Қасым-Жомарт Тоқаев ШҚО әкімінің сөзін. 

Даниал Ахметов ақша сұрап отырмағанын, керісінше бюджетте бұл ақша дайын тұрғанын айтты. Бұған жеке кәсіпкерлер де үлес қосқанын жеткізді.

Жоқ, ол 20 млрд бізде бар. Ол енді абаттандыру жұмысын өткіземіз. Үлкен мерекенің жоспарымен бірге... біріншіден абаттандыру жұмысы, содан кейін музейді қамтитын мәселелер. Сол барлық сомасы 20 млрд теңге бюджетімізде. Содан кейін жеке бизнестен берген қаржысы болады, - деді ШҚО әкімі. 

Қажеті болса, оны қысқарту керек, - деп бөлді Тоқаев. 

Жақсы, - деп қысқа қайырды Ахметов. 

Ысырапшылдыққа жол бермеу керек. Той деген тойлау үшін емес, толғау үшін керек бәрімізге. Сондық бұл шараларға келгенде мұқият болу керек. Көп концерт ұйымдастырудың қажеті жоқ. шетелдік әртістерді шақырудың керегі жоқ. Тіпті демеушілердің көмегімен де. Бұл шараларды іскерлік деңгейде өткізу керек деп есептеймін. Сіз тәжірибелі адамсыз. Әкімдердің арасында сіздің тәжірибеңіз жоғары. Сондықтан Абайдың 175 жылдық мерейтойын атап өту аясындағы шараларға өте мұқият боласыз деп ойлаймын, - деп ескертті мемлекет басшысы ШҚО әкімі Даниал Ахметовке. 
 

Бұған дейін хабарлағанымыздай, бүгінгі Үкіметтің кеңейтілген отырысында премьер-министрдің Әлеуметтік даму және еңбекпен қамту мәселелері жөніндегі орынбасары Бердібек Сапарбаев мемлекеттің арнайы жәрдемақысы 372 отбасыға төленгенін айтты.

Өзгелердің жаңалығы