19:00-дегі жағдай: Шетелде 4532 Қазақстан азаматы дауыс берді

10 Қаңтар 2021, 19:32
1664
Бөлісу:
19:00-дегі жағдай: Шетелде 4532 Қазақстан азаматы дауыс берді

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бұл туралы ҚР Сыртқы істер министрінің бірінші орынбасары Шахрат Нұрышев бүгін өткен онлайн брифинг барысында айтты. 

ҚР СІМ ОСК-мен бірлесіп шетелдегі ҚР азаматтарының конституциялық сайлау құқықтарын қамтамасыз ету үшін тиісті шаралар қабылдады. ҚР дипломатиялық өкілдіктерінің жанынан дүние жүзінің 53 елінде 66 сайлау учаскесі құрылды. Әлемнің әр түрлі елдері COVID-19 пандемиясы байланысты шекараны жабу, көлік қатынасын тоқтату, коменданттық сағат, локдаун, карантин сияқты шектеу шараларына қарамастан, аталған барлық сайлау учаскелеріне бюллетеньдер және басқа да сайлау атрибуттары уақытылы жеткізілді. Сайлаушылар тізімдері сайлау учаскесінің аумағында тұрақты тұратын немесе ұзақмерзімді болатын ҚР азаматтарын есепке алу негізінде дайындалды. ҚР шетелдердегі мекемелерінде консулдық есепте 11 мыңнан астам азамат тіркелген, - деді ол. 

Шахрат Нұрышевтың айтуынша, аталған азаматтардың бір бөлігі бірқатар ел тарапынан шетелдіктердің, соның ішінде қашықтан оқып жүрген студенттердің кіруін шектеуге байланысты қазіргі кезде Қазақстанда. Бұдан басқа, сайлаушылардың дауыс беруіне кейбір мемлекеттерде болған табиғи апаттар мен ел ішінде жүріп-тұруға енгізілген шектеулер де қиындық туғызуда. 

Жалпы консулдық есепте тұрған азаматтардың басым бөлігі – Ресейде, Түркияда, Қытайда, Чехияда, Ұлыбританияда, Өзбекстанда, БАӘ-де және Қырғызстанда шоғырланған. Хорваия, Бразилия, Таиланд, Словакия, Индонезия, Түркіменстан, Үндістан, Израиль, Пәкістандағы сайлау учаскелерінде азаматтардың ең аз саны тіркелген. 

ҚР «Сайлау туралы» конституциялық заңға сәйкес, дауыс беру жергілікті уақыт бойынша сағат 07.00-ден 20.00-ге дейін өткізіледі. Сағат 19.00-дегі жағдай бойынша шетелде жалпы алғанда 4532 Қазақстан азаматы дауыс берді. Түрлі уақыт белдеулерінде орналасуын ескере отырып, Жапония мен Корея Республикасында жүрген қазақстандықтар бірінші болып дауыс берді. Қазіргі уақытта 10 сайлау учаскесінде дауыс беру аяқталды, қалған 56-да дауыс беру әлі жалғасуда. Соңғы болып 2021 жылдың 11 қаңтарында Нұр-Сұлтан уақыты бойынша сағат 07.00-де АҚШ пен Канададағы ҚР азаматтары дауыс беруді аяқтайды, - деді ол.

Өзгелердің жаңалығы