Бас жаңалықтар
1700 бизнес жоба мемлекет тарапынан қолдауға ие болды
04 Сәуiр 2019, 09:11 415

1700 бизнес жоба мемлекет тарапынан қолдауға ие болды

Қарағанды, BAQ.KZ тілшісі. Қарағанды облысының әрбір үшінші тұрғыны жеке кәсіппен айналысады. Бұл жайында аймақ басшысы Ерлан Қошанов облыстық Қоғамдық кеңес алдындағы есеп беруінде мәлімдеді.

Қоғамдық кеңес мүшелерінің алдында есеп берген аймақ басшысы орта және шағын кәсіпкерлікпен айналысатын бизнес субъектілердің облыс экономикасын дамытуда үлкен рөл атқарғандығын айтты.

«Жыл сайын облыстағы жаңа субъектілердің қатары тоғыз мыңға артып келеді. Аймақта 236 мың адам бизнес саласында жұмыс істейді. Яғни облыстың әрбір үшінші тұрғыны кәсіпкерлікпен айналысады. Мемлекеттік қолдау шараларының арқасында 1700 бизнес жоба қолдауға ие болды. Осының арқасында 4500 жаңа жұмыс орындары ашу мүмкін болды. Мысалы, монокалалардағы несилендіру мәселесін шешу мақсатында жаңа «Atameken-Qaraganda» қаржылық ұйымы жұмысын бастады», - дейді Ерлан Қошанов.

Облыс әкімі болашақта аймақтағы бизнес субъектілерінің қамтитын аясы кеңейе түсетіндігін айтады. Алдағы уақыттары онлайн қызмет көрсету, транспорт және логистика, туризм және жеңіл өнеркәсіп салаларында шағын және орта бизнеспен айналысатындар қатары артпақ.

Осындай бизнес жобалардың бірін теміртаулық жас кәсіпкер Әлішер Айдаров ұсынады. Жобаның авторы Осакаров ауданында тұрмыстық қатты қалдықтарды ақшаға айырбастайтын кәсіпорын ашуды жоспарлап отыр.

«Болашақта Осакаров ауданының тұрғындарына қоқыс тапсырғаны үшін ақша төленетін болады. Ауданда қайталама шикізатты қабылдау пункті ашылады және полигонда жылжымалы сұрыптау кешенін орнату жоспарлануда. Кәсіпорын қағаз, пластик, металл, ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілер пайдаланған заттарды және тағы да басқа қалдықтарды қабылдайтын болады. Шикізатты қабылдау пункттері тек аудан орталығында емес, ауылдық жерлерде де орнатылады. Қалдықтардың бағасы көрсетілетін прайс парақшалар қабылдау орындарында ілінед», - дейді кәсіпкер Әлішер Айдаров.

Осакаров аудандық әкімдігіндегі кәсіпкерлікті қолдау жөніндегі консультативті-кеңес беру органның отырысында жас кәсіпкердің идеясы  қолдау тапқан. Жоба үстіміздегі жылдың мамыр айында іске қосылмақ.
Загрузка...