Карантин: 17 тамыздан бастап жұмысын қайта бастайтын мекемелер тізімі шықты

13 Тамыз 2020, 18:27
22865
Бөлісу:
Карантин: 17 тамыздан бастап жұмысын қайта бастайтын мекемелер тізімі шықты

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. ҚР Премьер-министрі Асқар Маминнің төрағалығымен өткен мемлекеттік комиссия отырысында қалыптасқан эпидемиологиялық жағдайды ескере отырып, карантин шараларын кезең-кезеңімен алып тастау жоспары қаралды. 

Еліміздегі санитарлық-эпидемиологиялық жағдай, шектеу шараларын жеңілдету жөніндегі ұсыныстар, өңірлер мен кәсіпкерлік субъектілерінің қызметті қайта бастауға дайындығы туралы денсаулық сақтау министрі А. Цой, Нұр-Сұлтан қаласының әкімі А. Көлгінов, Алматы қаласының әкімі Б. Сағынтаев, Қарағанды облысының әкімі Ж. Қасымбек, Түркістан облысының әкімі Ө. Шөкеев, Атырау облысының әкімі М. Досмұхамбетов, "Атамекен" ҰКП басқарма төрағасы А. Мырзахметов және т. б. баяндады, - делінген хабарламада.
Қазақстанда карантин шаралары күшіне енгізілген кезеңде эпидемиологиялық ахуал тұрақтандырылып, медициналық ұйымдардың жүктемесі айтарлықтай төмендетілді. Вирусты жұқтырудың тәуліктік өсімі 4%-дан 0,5%-ға дейін төмендеді. Сауығып шыққан адамдар саны 76%-ға жетті. Репродуктивтіліктің орташа көрсеткіші 0,78-ге дейін төмендеді, төсек орындарының жүктемесі 26%-ды құрайды. 

Мемлекеттік комиссия өңірлердің әкімдерінің ұсыныстарын, сондай-ақ Денсаулық сақтау министрлігі мен басқа да ведомстволардың ұстанымын ескере отырып, карантин шараларын кезең-кезеңімен алып тастау жоспарын бекітті және бірқатар шешім қабылдады: 

1.     2020 жылғы 17 тамыздан бастап барлық өңірде жұмысын қайта бастайтын кәсіпкерлік субъектілерінің қызмет түрлерінің тізбесі бекітілді: 

- СОСО, сауда үйлері (бутиктер), сауда желілері, жабық базарлар (толымдылығы 30%-дан аспауы тиіс, 1 келушіге 4 ш. м); 

- сұлулық салондары, шаштараз, СПА орталықтары, косметологиялық қызмет көрсететін нысандар (алдын ала жазылу бойынша 1 келушіге 4 ш.м.);

- бассейні жоқ фитнес орталықтары (толымдылығы 50%-дан аспауы тиіс, 1 келушіге 5 ш.м.), бассейні жоқ моншалар мен сауналар (толымдылығы 50%-дан аспауы тиіс, 1 келушіге 4 ш.м.); 

- балаларға арналған түзету кабинеттері, балалар және ересектерге білім беру орталықтары (топтарда — 5 адамнан артық емес, жазылу бойынша); мектепке дейінгі балалар мекемелерінің кезекші топтары (15 адамнан артық емес); 

- ашық ауадағы аттракциондар (қашықтықты сақтау, маска тағу, адамдар ағынын реттеу). 

Жұмыс берушілерге қызметкерлердің кемінде 80% үшін қашықтан жұмыс істеу форматын сақтау ұсынылады. 

2. 2020 жылғы 17 тамыздан бастап ашық ауада жеке және топтық жаттығулар жасауға (5 адамнан артық емес) және ұлттық құрама, клуб командалары үшін спорттық жаттығулар жасауға (30 адамнан артық емес, спорт базаларында тұру, эпидемияға қарсы шараларды және алдын алу шараларын сақтау) рұқсат етіледі.

 3. Биылғы 17 тамыздан бастап қоғамдық көліктер соңғы аялдамада дезинфекциялау мен желдетуді қамтамасыз етумен, отырғызу орындарының толуына қарай жүре бастайды. 

4. Салынған тыйым сақталады: 

- ойын-сауық, спорттық, отбасылық, естелік, салтанатты және басқа да бұқаралық іс-шараларды өткізуге, сонымен қатар үйде өткізуге; 

- барлардың, түнгі және ойын клубтарының, караоке, фудкорттардың, кинотеатрлардың және балалар мен ересектерге арналған басқа да ойын-сауық орындарының жұмысына; 

- мәдениет нысандарының, музейлердің қызметіне, конференциялар, көрмелер, форумдар өткізуге; бассейндер, қалалық және қоғамдық жағажайлар, ашық аквапарктердің жұмысына; 

- діни нысандардың жұмысына; 

- қала маңындағы жолаушылар пойыздарының/электричкалардың қозғалысына, жұмыс пойыздарын, қалааралық автобустарды/микроавтобустарды қоспағанда, ортақ вагондарды құруға. 

5. Эпидемиологиялық жағдайды одан әрі тұрақтандыру мақсатында демалыс күндері шектеу шаралары сақталады. 

Маска режимі мен әлеуметтік қашықтықты сақтау ‒ барлық адам үшін сақталуы тиіс міндетті санитарлық талаптар және бұл азаматтардың күнделікті өміріндегі ережелерге айналуы қажет. Бизнес субъектілерінің қызметін олар толық дайын болған жағдайда ғана қайта бастау қажет, - деді үкімет басшысы.

Өзгелердің жаңалығы