Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Үкімет отырысында ҚР Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің төрағасы Серік Жұманғарин ведомствоның атқарып жатқан жұмысы жайында есеп берді.
Оның сөзінше, Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі құрылғаннан бері елімізде бәсекелестікті дамытудағы аса маңызды кезең Мемлекет басшысының бәсекелестікті дамыту жөніндегі мемлекеттік саясатының негізгі бағыттары туралы жарлығының қабылдануы болған.
Жарлықта республикада бәсекелестікті дамытуға алғаш рет жәрдемдесу және проактивті бәсекелестік саясатын енгізу Президенттің, Үкіметтің, орталық мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдардың, жергілікті өзін-өзі басқару органдарының қызметінің басым бағыты болып жарияланды. Президент жарлығында Үкімет пен мемлекеттік органдарға нақты тапсырмалар берілді, - деп атап өтті агенттік төрағасы.
Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес агенттік «халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы аясында алаңдар ашты. Атап айтқанда, бұл – open space, пікір алмасудың ашық диалог алаңы.
Онда қоғамды толғандыратын ең өзекті және көкейкесті мәселелер бойынша 220-дан астам сессия өтті. Сонымен қатар елдің 17 өңірінде тосқауылдар бойынша кеңестер құрылды. Оларға 216 сарапшы қатыса алды. Осы уақыт ішінде 80-нен астам кедергі анықталды. Олардың 13-іне шаралар қабылданды, - деп түсіндірді Серік Жұманғарин Үкіметте.