Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. "Қазгидромет" РМК 12 желтоқсанға арналған ауа райы болжамын жариялады.
Синоптиктердің болжамы бойынша, республикамыздың басым бөлігінде атмосфералық фронталды бөліктердің өтуіне байланысты ауа райы құбылмалы болады, кей жерінде жауын-шашын болады. Тек Қазақстанның шығыс және оңтүстік-шығысында ғана антициклонның ықпалымен күн жауын-шашынсыз болады. Республикамыздың кей жерінде тұман түсіп, көктайғақ болып, жел күшейеді, бұрқасын болады.Солтүстік Қазақстан, Қостанай, Ақмола облыстарының кей жерінде бұрқасын, тұман, көктайғақ болып, жел секундына 15-20 м/с жылдамдықпен соғады.
Жамбыл, Батыс Қазақстан облыстарының кей жерінде тұман түсіп, көктайғақ болады, желдің жылдамдығы секундына 15-20 метрге жетеді.
Алматы облысының бірқатар аумағында түнде және таңертең тұман түсіп, күндіз Жалаңашкөл ауданында жел секундына 15-20 метр жылдамдықпен соғуы ықтимал.
Түркістан облысының басым бөлігінде тұман түседі. Қызылорда, Маңғыстау, Атырау, Ақтөбе, Павлодар, Қарағанды, Шығыс Қазақстан облыстарының кей жерінде тұман түсіп, көктайғақ болады.