Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Павлодар облысында 1,5 млрд теңгеге дәрі-дәрмек сатып аламыз. Бұл туралы Павлодар облысының әкімі Әбілқайыр Сқақов өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен онлайн баспасөз конференциясында айтты.
Павлодар облысында 1460 жағдай тіркелген. 532 адам сауығып, 14 адам көз жұмды. Пневмониямен ауыратын 2194 науқас провизорлық стационарларда емделіп жатыр. Аурудың жеңіл және орташа формасымен 1644 науқас амбулаторлық емделуде. Облыс бойынша, провизорлық төсек орындар саны 3462-ге дейін, яғни 4 есеге арттырылды. Орталықтарға бүгін 390 адам түсті, оның 70-тен астамы стационарлар арқылы бөлінді, - деді ол.
Облыс әкімі өңірде 108 ӨЖА бар екенін айтты.
Олардың 65-і инфекциялық және провизорлық стационарларды қолданылып жатыр. Алдағы уақытта тағы 33 аппарат алу жоспарланған. Сондай-ақ, оттегімен қамтамасыз ету 226 нүктесі жұмыс істейді. Тағы 155 нүктені ұйымдастырып, олардың санын 400-ге жеткізу жоспарланып отыр, - деді ол.
Сқақов өңірдің медициналық ұйымдарына дәрі-дәрмек жеткенін айтты.
Дәрі-дәрмекті сатып алуға қосымша 1,5 млрд теңгеге тапсырыс берілді. Ол бойынша дәрінің 33 түрі сатып алынады. Дәріханаларға бүгін парацетамол дәрісінің 17 мың қорабы жетті. Ертең дәрі Екібастұз, Ақсу және өзге аудандарға жетеді. Облысқа антибиотиктердің 16 мың қорабы, вирусқа қарсы дәрінің 5 мың қорабы, қызуды төмендедетін дәрінің 8 мың қорабы жеткізіледі, - деді ол.