Жыл сайын 20 мың кәсіпкер оқытылады – вице-министр

22 Мамыр 2019, 12:30
2324
Бөлісу:
Жыл сайын 20 мың кәсіпкер оқытылады – вице-министр

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы аясында 20 мың кәсіпкер оқытылады. Бұл туралы Үкіметтің баспасөз қызметінде өткен баспасөз мәжілісінде ҚР Ұлттық экономика вице-министрі Ермек Алпысов айтты. 

«Жыл сайын шамамен 20 мың кәсіпкер оқытылады. Сондай-ақ жыл сайын 154 мың кәсіпкер консультация алады. Биылғы жылдың I тоқсанында 615 кәсіпкер бизнес мектептерінде кәсіпкерлік негіздерін тыңдау бойынша оқудан өтті. Кәсіпкерлікті қолдау орталықтарында 19,5 мың клиентке бизнестің мемлекеттік қолдау шаралары бойынша 36 мыңнан астам консультация берілді. 7000 кәсіпкерге шамамен 8000 сервистік қызмет көрсетілді», - деді Ермек Алпысов.

Оның айтуынша, «Бизнестің жол картасы - 2020» бағдарламасы бойынша жыл сайын субсидиялау мен кепілдендіруге байланысты өтінімдер саны да артып келеді екен.

«Елбасының тапсырмасы бойынша бағдарламаға жыл сайын қосымша 30 млрд теңге қаражат бөлінетін болады. Бірақ әкімдіктер өңірлердің экономикасын дамытуға мүдделі болуы тиіс. Сондықтан жергілікті атқарушы органдар мемлекеттік қолдау шараларын бірлесіп қаржыландыруы қажет. Мысалы, Алматы қаласының әкімдігі субсидиялауға 1,9 млрд теңге бөлді. Ал Шымкент қаласының әкімдігі кепілдендіруге 250 млн теңге, ал Атырау облысы әкімдігі субсидиялауға 600 млн теңге бөлді. Қалғандары осы әкімдіктерден үлгі алуы тиіс. Бұл қосымша резервтер екенін еске саламын», - деді вице-министр.

Өзгелердің жаңалығы