Құс тұмауы: Төрт облыста жағдай тұрақталды

1 Қазан 2020, 15:21
1606
Бөлісу:
Құс тұмауы: Төрт облыста жағдай тұрақталды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Қазақстанның төрт облысында құс тұмауы тоқтады. Бұл туралы бүгін Орталық коммуникациялар қызметінде өткен онлайн брифингте Ауыл шаруашылығы министрлігі Ветеринарлық бақылау және қадағалау комитеті төрағасының міндетін атқарушы Тұрсын Қабдолданов мәлімдеді. 

Оның айтуынша, Ақтөбе, Жамбыл, Қарағанды, Түркістан облыстарында және Шымкент қаласында құстың қырылуы тоқтады.

Қазір мұндағы жағдай тұрақталып, қарқын төмендеді. Мәселен, соңғы тәулікте Түркістан, Жамбыл, Ақтөбе, Қарағанды облыстарында, Шымкент қаласында құс өлімі тіркелген жоқ. Сонымен қатар СҚО, Павлодар және Қостанай облыстарында өлім азайып келеді, - деді ол.

Қанаттылардың қырылуы елдің жеті облысында тіркелген. Оның ішінде 44 аудан, 99 елді мекен бар. Сондай-ақ фабрикадан бөлек ауладағы тауықтар да қырылған. Екі құс фабрикасындағы фактілермен қосқанда жалпы саны 330 мыңнан астам құс өлімі тіркелді.

Бұған дейін Ауыл шаруашылығы министрлігі құстары қырылған фермерлерге өтемақы төленетінін хабарлаған болатын.

Өзгелердің жаңалығы