Бас жаңалықтар
ҰҚК теракт жасамақ болған күдіктілердің көздеген мақсатын айтты
29 Қаңтар 2019, 13:09 1211

ҰҚК теракт жасамақ болған күдіктілердің көздеген мақсатын айтты

Астана, BAQ.KZ тілшісі. ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитеті төрағасының орынбасары Нұрғали Білісбеков теракт жасамақ болған күдіктілер жайлы айтып берді.

Парламент Сенаты Халықаралық қатынастар, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің кеңейтілген отырысында сенатор Дариға Назарбаева ҰҚК  төрағасының орынбасарынан Қазақстандағы терроризм мен экстремизм қаупінің деңгейі қандай деп сұрады.

Білісбеков Сирия, Ирак пен Ауғанстандағы қақтығыс аумақтарындағы жағдайды ескере отырып, аймақта белгілі бір қауіп бар деп жауап берді.

«Әрине, біз бұны аса жоғары қауіп деп бағалап отырмыз. Өкінішке орай, біз халықаралық террористік ұйымдар мүдделерінің орбитасындамыз. Бұның дәлелі - қаңтар айының басында Алматыда топтың ұсталуы. Оларға Қазақстан аумағында теракт жаса деген тапсырма шетелден беріліп отырған. Мақсаты белгілі – жағдайды тұрақсыздандыру, хаос орнату. Және де, айта кететін басты нәрсе, олар әлі де жұмысын жалғастырып жатыр», - деді Білісбеков. 

ҰҚК төрағасы орынбасарының айтуынша, қақтығыс аймақтарында соғысып жүргендер қатарына еліміздің азаматтары да бар. Олардың жүрген жерлері, соларға қатысты процестер мен Қазақстанға ықпалы бақылауға алынған. Қазір қақтығыс аймақтарында 300-ден астам Қазақстан азаматы қалып отыр, олардың 100-ге жуығы қолына қару алып, соғысып жүр.

Атап өтсек, жақында Қазақстанда теракт жасамақ болған шетелдік азаматтар ұсталған болатын. Орталық Азия елдерінің азаматтары Алматыда қолға түскен еді. Тінту барысында олардың уақытша тұрған жерінен қуатты жарылғыш зат жасауға арналған компоненттер, қару-жарақ пен оқ-дәрілер табылған.
Қымбат Елтайқызы 
Загрузка...