Алматыда «Бақытты отбасы» аясында 1 мыңнан астам отбасына материалдық көмек көрсетілді

26 Сәуір 2019, 17:30
2506
Бөлісу:
Алматыда «Бақытты отбасы» аясында 1 мыңнан астам отбасына материалдық көмек көрсетілді

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. ҚР Премьер-министрінің орынбасары Гүлшара Әбдіқалықованың жетекшілігімен жұмыс тобы Алматы қаласында өз жұмысын жалғастырды.

Бүгін вице-премьер, ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі, қала әкімі «Бақытты отбасы» және «Белсенді ұзақ өмір» жол карталарының іске асырылуы жөнінде кеңес өткізді.

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасы бойынша елімізде жаңа әлеуметтік саясат іске асырылуда. Басты міндет – азаматтарымыздың өмір сүру сапасы мен әл-ауқатын арттыру.

Бүгінде қалада көпбалалы аналар мен қарт адамдарды қолдауға бағытталған «Бақытты отбасы» және «Белсенді ұзақ өмір» жол карталары іске асырылуда. 13 шара қарастырылған Жол картасы бекітілді. «Бір терезе» принципі бойынша құрылған «Бақытты отбасы» орталығы ашылуда. Онда заңгерлер, психологтар, жаттықтырушылар және т.б. жұмыс істейтін болады. «Бақытты отбасы» қайырымдылық қоры құрылып, меценаттар мен жұртшылықтың арқасында 131 млн теңгеден астам қаражат жинап үлгерді. 1 мыңнан астам отбасына материалдық көмек көрсетілді.

Алматы елімізде алғаш болып «Бақытты отбасы» жеңілдетілген тұрғын үй бағдарламасын іске қосты. Мамыр айының өзінде 30 отбасын баспанамен қамтамасыз ету жоспарланып отыр. Қазіргі әлеуметтік төлемдердің мөлшері өсті. Атап айтқанда, өмірдің қиын жағдайына тап болған азаматтарға берілетін бір жолғы әлеуметтік көмек 10 АЕК-ден (25 250 теңге) 20 АЕК-ке дейін (50 500 теңге) көбейді. Бұл шарамен 10 мыңнан астам отбасы қамтылатын болады.

Содан кейін Гүлшара Әбдіқалықова және Бердібек Сапарбаев аудандардың әкімдерімен, ірі кәсіпорындардың, бизнес-құрылымдар мен кәсіподақ ұйымдарының басшыларымен кездесу өткізіп, онда әлеуметтік әріптестік мәселелерін талқылады.

2015 жылдан бастап бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі аясында 25,7 млрд теңгеге 40-тан астам жоба іске асырылып келеді. Бүгінгі күні 21,6 млрд теңге сомасына 32 жоба іске асырылды. 7 балабақша, 1 емхана, фельдшерлік-акушерлік пункт және т.б. салынды.

Көпбалалы аналармен кездесу барысында вице-премьер мемлекет азаматтардың аз қамтылған санаттарына әлеуметтік қолдау көрсетуге бағытталған шаралар қабылдап жатқанын атап өтті. 1 сәуірден бастап атаулы әлеуметтік көмек көрсету критерийлері ең төменгі күнкөріс деңгейінің 70%-ына дейін артып, 20789 теңгені құрады, мамыр айынан бастап жалға берілетін тұрғын үй бөліне бастайды, ал 1 маусымнан бастап бюджет саласының жалақысы төмен қызметкерлерінің еңбекақысы көбейеді. Білім беру және денсаулық сақтау жүйесіндегі қызметтердің сапасын арттыру бойынша шаралар қабылданатын болады. Сондай-ақ, жұмыс тобының мүшелері жаңа әлеуметтік саясат аясында іске асырылып жатқан жаңалықтар туралы ақпарат берді.

С.Д. Асфендияров атындағы Ұлттық медицина университетінің жатақханасын аралау барысында Премьер-министрдің орынбасары «Елбасының бес әлеуметтік бастамасын» іске асыру аясында Тұңғыш Президент тапсырмасының орындалу барысымен танысты.

Гүлшара Әбдіқалықова жұмыс сапарының соңында жоғары оқу орындарының ректорларымен кездесу өткізді. Кездесуде студент жастардың өмір сүру жағдайын жақсарту жөніндегі үшінші бастаманың іске асырылу туралы ақпарат тыңдалды, жоғары білім берудегі өзекті мәселелер талқыланды.

Жоғарыда аталған бастаманы орындау үшін қалада студенттер жатақханаларын салу жұмысы жалғасуда. 39 ЖОО жұмыс істейді, онда 149 мың адам білім алады, оның 92 мыңнан астамы басқа қалалардан келген студенттер. Барлығы 95 жатақханада 30 мың (33%) студент тұрады.

2018 жылы жоғары оқу орындарының өз қаражатының есебінен 1200 орынға арналған 3 жатақхана пайдалануға берілді. 2019 жылы да өз қаражаттары есебінен 2 340 орынға арналған 5 жатақхананы аяқтау жоспарлануда.

Кездесудің қорытындысы бойынша Премьер-министрдің орынбасары Гүлшара Әбдіқалықова жатақханаларды уақытылы және сапалы пайдалануға беруді қамтамасыз ету, студенттерге қолайлы жағдайлар жасау үшін қажетті шаралар қабылдау жөнінде ЖОО ректорларына, мемлекеттік органдардың басшыларына бірқатар нақты тапсырма берді.

Өзгелердің жаңалығы