Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Қыркүйек айының басынан бастап қазақстандықтар банктен алған қарыздары жабылғандығы туралы sms хабарламалар ала бастады. Олардың ішінде қарызы кешірілетін санаттағы тізімге жатпайтын адамдардың да қарыздары кешіріліп жатыр. Олар тіпті ақшасын қайтарып беруге әзір екенін айтып, хабарласып жатқан көрінеді. Бұл туралы informburo.kz сайты хабарлады.
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі бұл тізімнің қалай және кімдер жасағанын айтып берді.
Сонымен қарыздары бойынша кешірім алатын борышкерлер:
· Көпбалалы отбасылар;
· Асыраушысынан айрылу жағдайына байланысты төлем алатын отбасылар;
· Мүгедек балалары барлар мен 18 жастан асқан, бала жасынан мүгедектер;
· Атаулы мемлекеттік әлеуметтік көмек алатындар;
· Жетім балалар, ата-анасынан кәмелеттік жасқа дейін айрылған, ата-ананың қамқорлығынсыз қалған жиырма тоғыз жасқа толмаған балалар.
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Нариман Мұқышевтың айтуынша, тізімді Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі, Білім және ғылым министрілігі және Әділет министрлігі бірігіп жасалған. Бұл тізімге 2,2 млн адам енген, оның ішінен 505 мың адам таңдалып алынған.
«Жақын күндері қалған несиелер кешіріледі. Қазір тізімдегі санатқа жататын, бірақ тізімге енбей қалған адамдардың өтініштері бар. Бұл жерде әр жағдайды жіті тексеру керек. Нақты дата бар. Ол - 1 маусым. Тізімге 2019 жылдың 1 маусымына дейін алынған кепілсіз тұтынушылық қарыздары барлар енеді. Егер ол тамыз не қыркүйек айында алса олар тізімге енбейді», - деді вице-министр.
Тағы бір аса мән беретін мәселе, несие бойынша қарыз коллекторлық агенттікке өтіп кетпеуі керек.
"Мен істері коллекторлық агенттікке өтіп кеткен адамдармен кездестім. Президенттің Жарлығы бойынша нақты шарттар бар. Біз осы шарттар бойынша жұмыс жасаймыз. Егер іс коллекторлық агенттікке өтіп кетсе, біз ол нисиені жауып бере алмаймыз. Өйткені коллекторлық агенттікке әдетте үмітсіз несиелер өтеді. Бұл жердегі маңызды мәселе - мемлекет несиесін уақтылы төлеп отырған халықтың әлеуметтік аз қамтылған санатын қолдамақ", - деді Нариман Мұқышев.