Немістер еліміздегі түйе шаруашылығына қызығушылық танытып отыр

19 Шілде 2022, 13:00
1515
Бөлісу:
Немістер еліміздегі түйе шаруашылығына қызығушылық танытып отыр

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ.  Алматы облысы Іле ауданындағы «Дәулет-Бекет» ЖШС-не құрғақ түйе сүтін өндіретін зауытың жұмысымен танысу үшін Германиядан делегация келді.

Ауыл шаруашылығы кәсіпорнының иесі Сыдық Дәулетов қонақтарға экскурсия өткізді. Германия федералдық министрлігі жанындағы парламенттік статс-хатшысы, жеке ассистент Вейкко Хайнц, халықаралық ынтымақтастық және әлемдік азық-түлік департаментінің басшысы Корнелия Бернс, Шығыс Еуропа, орталық және Шығыс Азия елдерімен халықаралық жұмыс жөніндегі ынтымақтастықты кеңейту бөлімінен Пегги Лантцч, Юлиус Кюн институтының профессоры, мәдени өсімдіктердің федералды ғылыми-зерттеу институтынан Хенрик Флаховски келіп, түйе сүтін өңдейтін ірі ауылшаруашылық кәсіпорнының жұмысымен танысты.

Делегация алдымен фермаға барып, түйелердің қандай жағдайда өсірілетінін көрді. Кейін, автоматтандырылған сауу процесімен танысты. Айта кетерлігі  8 сағаттық жайылым жағдайында күнделікті  шөптің 120 түрі бар жем беріледі. Есесіне түйе сүтінің сапасы өте жоғары.

Қонақтар кейін сүт өңдеу зауытына барып,  жұмыс барысымен танысты. Өндіріс ерекшеліктеріне тоқтала келе, кәсіпорын директоры Сыдық Дәулетов шаруашылықтың қалыптасуы мен даму тарихын айтып өтті.

Бүгінде шаруашылық күніне 5-6 тоннаға дейін сапалы шұбат өндіреді. Тәулігіне шамамен 500-600 кг құрғақ ұнтақ сүт шығарамыз. Айына шамамен 10-15 тонна құрғақ ұнтақ Қытайға экспортталады. Жақында біз Біріккен Араб Әмірліктерімен келісімшартқа отырдық, ай сайын бір тонна сүт ұнтағын жібереміз. Алдағы уақытта түйе санын 15 мыңға дейін арттыру жоспарда бар, - деп атап өтті кәсіпорын иесі Сыдық Дәулетов.

Қонақтар сапар соңында шұбатпен емдеу орталығына барды. Бұл жерге күрделі отадан соң, гастрит, аллаергия, созылмалы гепатит, туберкулез бен қант диабетімен ауруымен ауырғандар ем іздеп келеді. Орталықтағы мамандар келушілерді шұбатпен, саумалмен емдейді. 4 жыл ішінде 6 мыңнан астам азамат түйе сүтімен емделген.

Бұл кәсіпорынға келіп, керемет әсер алдық.  Түйе өсірудің техникасын көрдік. Бұл керемет әдіс. Өйткені бұл кәсіпорында барлығы табиғи жолмен іске асырылады екен. Сонымен қатар, малдарды қалай емдейтінін көрдік. Өзім мал дәрігерімін.  Сондықтан, мен үшін малдардың    жақсы ем алуы өте маңызды.  Егер, түйелердің денсаулығы жақсы болса, кейін жақсы өнім шығары сөзсіз. Бұл сапар бізді қатты таң қалдырды. Кәсіпорын жұмысына сәттілік тілейміз,- деді Германия федералдық министрлігі жанындағы парламенттік статс-хатшысы Офелия Ник.

Өзгелердің жаңалығы