Неміс тракторлары мен комбайндары Қазақстанда да жасалатын болды

28 Тамыз 2020, 23:45
1406
Бөлісу:
Неміс тракторлары мен комбайндары Қазақстанда да жасалатын болды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Тиісті құжатқа әйгілі CLAAS компаниясы пен еліміздің Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі қол қойды, деп хабарлады "Хабар 24" телеарнасы.

Айта кетейік, екі елдің кооперациясына Президент Қасым-Жомарт Тоқаев бастамашы болды. Еуропадағы ең ірі өндіруші CLAAS компаниясы әлем бойынша ауыл шаруашылығы техникаларының флагманы саналады. Әйгілі неміс компаниясы өз өнімін 70 елде шығарады. Соның ішінде енді Қазақстан да бар.

Біз 20 жылдан астам уақыт Қазақстанда жұмыс істеп келеміз. Бұл нарық біз үшін өте маңызды. Жалпы, неміс инвесторларының Қазақстанға деген қызығушылығы мол. Қазір құрылыс жұмыстары жүріп жатыр. Алғашқы тракторлардың шығу сәтін тағатсыздана күтіп отырмыз, - деді Шығыс Еуропа импортерлері нарығы жөніндегі аймақтық директор Нилс Роич.

CLAAS компаниясының зауыты Солтүстік Қазақстан облысында салынды. Бастапқы кезеңде 200-ге жуық жұмыс орнын ашу көзделген. Жобалық қуаты – жылына 200 техника жасау. Бұдан бөлек, кәсіпорын келешекте техникаға қажет бөлшектерді де шығармақ ниетте.

Ауылшаруашылық машиналарының, тракторлар мен комбайндардың ескіруіне байланысты, соны осы неміс компаниясымен бірігіп ауыстырмақпыз. Бұл жобаның мақсаты – ең алдымен біздің фермерлер мен диқандарды комбайндармен, тракторлармен қамтамасыз ету, - деді Индустрия және инфрақұрылымдық даму вице-министрі Аманияз Ержанов.

Қазір Қазақстанда ауылшаруашылық техникаларын өндірумен айналысатын әлемге әйгілі кәсіпорындар жұмыс істеп келеді. Енді солардың қатарына CLAAS компаниясы да қосылды. Ірі өндірушілердің бір жерге топтасуы Қазақстанның ішкі нарығын толық қамтамасыз етуге мүмкіндік бермек.

Өзгелердің жаңалығы