Мәжіліс депутат Жұлдыз Сүлейменова комитет отырысында таныстырылған заң жобасының нормаларын сынға алды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Мәжілісте Оқу-ағарту вице-министрі Еділ Оспан білім беру және бала құқықтарын қорғау мәселелері жөніндегі жаңа заң жобасын таныстырған болатын.
Бүгін енгізіліп отырған балалардың құқықтарын қорғау және білім мәселелеріне қатысты соңғы 3 жылдағы халықаралық тәжірибеге, сонымен қатар мемлекетіміздегі заңнамаға құқықтық талдауына және сыбайлас жемқорлық тәуекелдерінің сараптамасына тоқталсаңыз. Біздің түсінігімізде енгізіліп отырған заң жобасында новеллалар қазіргі жұмыс істеп тұрған заңдарға өзгерістерді қалайды. Кәсіби отбасы туралы көп мәселе айтылды. Иә, жұмыс тобында көп мәселе шешіледі деген ойдамыз, - деді депутат.
Сүлейменова қосымша білім беру мәселесіне тоқталып өтті.
Қазіргі заң жобасындағы сіздер енгізіп отырған норма – хабарлау қосымша білім беру ұйымы жұмысының басталуы және аяқталуы туралы хабарлама деп отырсыздар. Бірақ осының арасында сапаны, сонымен қатар біліктілік мәселесі, нәтижеге қатысты қандай бақылау механизмдері жүзеге асырылады? Келесі мәселе – жекеменшік мектептердегі әлеуметтік аз қамтылған отбасылардың балаларын тамақпен қамтамасыз ету. Жекеменшік мектептерде мемлекеттік тапсырыс бар. Бүгінгі таңда үшауысымды және оқушы орнын тапшылығын шешу үшін бұл мемлекет жасап жатқан жүйелі шешімдердің бірі. Бірақ неге әлеуметтік аз қамтылған отбасылардың балалары деп қана бөліп отырсыздар? Бүгінгі күні бастауыш сынып оқушылары мемлекеттік тапсырыс енгізілген барлық жекеменшік мектепте бастауыш сынып оқушылары ешқандай категорияға, жеріне, басқа нәрселерге бөлінбей, ыстық тамақпен бір мезгіл қамтылу мәселесі осы нормада қарастырылуы қажет еді, - деп түсіндірді депутат.
Жұлдыз Сүлейменованың айтуына қарағанда, ол Мәжілістің әлеуметтік-мәдени даму комитеті төрағасымен бірге осы норманы 4 ай бұрын Үкіметке жолдаған. Бірақ комитет осы күнге дейін Үкіметтің ұстанымын біле алмай отыр.
Неге балаларымыздың әлеуметтік мәселелеріне қатысты осындай теңсіздікке жол беруіміз қажет? – деп сұрады.