Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Әлеуметтік желіде «Ақ жол» партиясы Асхат Аймағамбетовке шабуыл жасап жатыр деген пікірлер көп. Осыған байланысты партия мүшесі, Мәжіліс депутаты Берік Дүйсембинов жауап берді.
Дания Еспаеваның Мәжілістегі Білім және ғылым министрлігіне қатысты депутаттық сауалы қоғамда қатты талқыланды. Көбісі бұл Асхат Аймағамбетовке жасалған шабуыл деп жатты. Осыған байланысты не айтасыздар? Жалпы Дүниежүзілік банктен алынған 67 млн доллар туралы мәселені «Ақ жол» партиясы жиі көтеріп жүр. Осының себебін түсіндіріп өтесіз бе деген BAQ.KZ тілшісінің сауалына депутат жауап берді.
Біздің бұл сұрағымыз – Асхат Аймағамбетов мырзаға азамат ретінде емес, министр ретінде қойылған сауал болатын. Асхат Аймағамбетовті бүгінгі таңдағы қазақтілді ұлтжанды азаматтардың бірі деп аса құрметпен қараймыз. Ол азамат министрдің орынбасары болған кезде талай сұрақтарымызға тікелей жауап берген. Қарым-қатынасымыз өте жақсы. Әлеуметтік желідегі тарап кеткен «министрге жасалған қарсы шабуыл» деген ақпарат жалған. Біздің көтеріп отырғанымыз – интернетің жай-күйі. Оны өздеріңіз көріп отырсыздар. Егер қаржы игерілмесе, сол қаржыны сұрауға ұйытқы болған, бұрынғы министрліктің өкілі кім? Қандай жазаға тартылды? Кім жауапты? 67 млн долларды игермейтін болсақ, ратификация жасап не үшін алдық? Енді жылына сол қарызды резервте ұстап отырғаны үшін 165 мың АҚШ доллары төленеді. Бұл кімнің арқасында төленіп жатыр? Соған жауап алғымыз келген. Бұл қарыз алынғанда Аймағамбетов министр болмаған. Сондықтан бұл Асхат Аймағамбетовтің жеке басына емес, министрлікке қойылған сұрақ екені ескерілсе дейміз, - дейді депутат.
Айта кетейік, 9 қыркүйекте ҚР Парламент мәжілісінің пленарлық отырысында «Ақ жол» партиясының мүшесі Дания Еспаева 2017 жылы ҚР БҒМ бастамасымен орта білімді модернизациялау жобасына Дүниежүзілік банктен 67 млн доллар сомасында қарыз алынғанын айтқан болатын. Ол ақшаны игеруге конкурс жарияланбаған.