Сыртқы істер министрі Ермек Көшербаев референдумда дауыс бергеннен кейін журналистердің сұрақтарына жауап берді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Журналистер министрден әлеуметтік желілерде тараған мемдерге қатысты пікірін сұрады. Кейбір елдердің азаматтары “тезірек кету үшін қазақ болған жақсы” деген сарындағы жазбалар жариялап жатқанын атап өтті.
Ермек Көшербаевтың айтуынша, Қазақстанның кез келген азаматы мемлекет тарапынан қолдауға сенім арта алады. Оның сөзінше, мәселе декларативті мәлімдемелерде емес, нақты істе.
Біз ештеңені жариялап, дабыра жасаған жоқпыз, тек өз жұмысымызды атқаруға тырыстық. Бұл – көптеген адамның үлкен еңбегі. Мұндай жағдайларда мемлекет көмекке келетінін адамдар түсінуі керек. Бірақ аздап сабыр сақтау да қажет, – деді министр.
Сондай-ақ ол кейбір азаматтардың “бізді тастап кетті” деген пікірлері айтылғанын, алайда шын мәнінде ешкімнің қараусыз қалмағанын атап өтті.
Министрдің сөзінше, кей жағдайларда әуе кеңістігінің жабылуы секілді объективті кедергілер болған.
Егер әуе кеңістігі жабылып, ұшақтар ұша алмайтын жағдай болса, оны да түсіну керек. Сондықтан біз қолдан келгеннің бәрін жасауға тырыстық, – деді Ермек Көшербаев.
Еске сала кетейік, Сыртқы істер министрі Ермек Көшербаев #51 учаскеде дауыс берген болатын.