Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. ҚР Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов кітапхана мен кітапханашылар, сондай-ақ Call орталықтар жұмысы туралы аппарат жиналысында бірқатар тапсырма берді.
Келіп жатқан өтініштер, сұрақтар өте көп. Сондықтан аймақтардағы Call орталықтар жұмыс істеуі керек. Кеше Call орталықтардың жаңартылған тізімін бекітіп, жарияладық. Енді осы бойынша күнделікті тексеріп, қадағалайтын боламыз. Орталықтар күні бойы жұмыс істеп, тиісті сауатты ақпаратпен қамтамасыз етулері керек. Себебі қазір сұрақтар көп. Қашықтан оқыту, бағалау, оқыту, оқулықтар бойынша туындайтын сауалдар жетерлік. Оларға уақытылы жауап берілуі тиіс, - деді министр аппарат жиналысы кезінде.
Министр жиналысқа қатысушылаға ескерту жасады.
Өткен жылы келіскен болатынбыз. Қазір байқап отырғанымдай, белсенділік төмендеген сияқты. Сондықтан апта сайын аппараттық жиналыста бұл мәселені де қайта қараймыз. Бұл Білім басқармаларының, басқа да ұйымдардың интернетте, әлеуметтік желілердегі белсенділігі. Туындаған сұрақтарға уақытында, тез арада жауап беруіміз қажет. Үндемей отырмай... «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» концепциясын білесіздер. Апта сайын осы жұмысты талдаймыз, - деді Аймағамбетов.Ол әлеуметтік желілерде жұмысты жандандыру керектігін айтты.
Сонымен қатар министр «Оқулық» орталығы мен Ұлттық білім академиясы күн сайын эфир өткізіп, туындаған сұрақтарға жауап беріп отырулары тиіс екенін сөз етті.
Бағалау, ҰБТ-ның сұрақтары бойынша Ұлттық білім академиясына сұрақтар жетерлік. Ол сұрақтар болмауы үшін күнде эфир арқылы сұрақтардың шешімін айтып отырған дұрыс. Түсіндіру жұмысы жалғасын табуы керек, - деді министр Асхат Аймағамбетов.