"Осы жолда тоқтап қалғым келмейді": Назым Қызайбай арманын айтты

3 Сәуір 2025, 10:02
3058
Бөлісу:
"Осы жолда тоқтап қалғым келмейді": Назым Қызайбай арманын айтты
Фото: BAQ.KZ

Әйелдер боксында есімі ерекше аталатын спортышлардың бірі Назым Қызайбай. Ол Париж Олимпиадасының қола жүлдегері, үш дүркін әлем чемпионы. Боксшының алдағы жоспары қандай BАQ.KZ тілшісі сұхбаттасқан еді.

– Наурыз мейрамын Президентпен бірге тамашаладыңыз. Қандай сезімде болдыңыз?

– Наурыз мейрамын президенттің жанында отырып тамашалау өте керемет сезім. Қуаныштымын! Мен үшін үлкен мәртебе! Жалпы елімізде соңғы жылдары Наурыз мейрамы ерекше аталып жүр. Наурыз – ол мен үшін тек көктемнің келуі ғана емес, халқымыздың бірлігі мен жаңаруының белгісі. Бұл мереке бізді өткенімізді ұмытпай, дәстүрімізді сақтауға және келешекке сеніммен қарауға үйретеді. Спортшы ретінде мен бұл күннің тек дастарқан басындағы қуанышпен ғана шектелмей, денсаулыққа, белсенді өмір салтына мән беруімізге себеп болғанын қалаймын. Наурызда ұлттық спорт түрлерінің ұйымдастырылуы – дәстүрімізді дәріптеудің тамаша жолы. Қазақ күресі, асық ату, көкпар сияқты ойындар – біздің ұлттық рухымыздың бір бөлшегі. Сондықтан мен үшін Наурыз – тек тойлау ғана емес, халқымыздың мәдениетін, құндылықтарын келер ұрпаққа жеткізу күні. Ең бастысы, бұл мейрам татулық пен сыйластықтың символы. Біз қай салада жүрсек те, өзімізді дамыту арқылы еліміздің өркендеуіне үлес қосуымыз керек.

– Ұлттық киімде ерекше сұлу болдыңыз. Танысқысы келген жігіттер көбейген шығар?

– Ұлттық киім киіп шыққанымда барлығы таңғалды. Көйлекпен жүргенім көпшілігіне ұнаған сияқты. Күнде болмаса да арасында киіп тұруға тырысамын. Өміріміз спортпен байланысты болған соң күнделікті жаттығу жұмыстарына бару үшін ыңғайлы киім киеміз. Жалпы Наурызда киген киіміме қатысты жақсы пікірлерді естідім. Маған да ұнады. Жалпы қазақ қыздары сұлу. Барлығына ұлттық киімдеріміз жарасады. Негізі бұрыннан танысқысы келетін жігіттер көп.

– Өзіңізді спорттық мансапта толықтай жүзеге асырдым деп айта аласыз ба?

– Жоқ. Олай ойламаймын. Әлі де мақстаттарым бар. Жоспар көп. Бұл жолда тоқтап қалғым келмейді. Үлкен жетістіктерге жеткім келеді. Спорт үнемі шынығуды қажет етеді. Сондықтан бір мақсатымды орындадым деп түбегейлі ысырып тастауға болмайды. Себебі осы саланы, осы жолды таңдадым. Таңдауымдағы арман-мақсаттарымды әлі де жүзеге асырғым келеді. Соған жету жолында барымды саламын.

– Спорттан кейінгі өміріңізді қалай елестетесіз?

– Қазір оны көп ойламаймын. Бірақ спорт саласында еліміздің дамуына үлес қосатын жұмыстарды істесем деген ойдамын. Өзім көрген, білген тәжірибемді жас спортшыларға жеткізуді ойлаймын. Спорттағы жол оңай емес. Қиындықтары бар. Сол кезеңнен сағы сынбай, мақсаттарының орындалуына атсалысқым келеді.

– Спорттан тыс Назым Қызайбай қандай адам? 

– Спорттан тыс қарапайым ашық-жарқын адам. Негізі тамақ жасаған ұнайды. Шабытым ашылғанда, уақытым болған кезде үй шаруасына көмектесемін.

– Қазір қоғамда бойдақ жігіттер мен басы бос қыздар көп. Үйленуге асықпайтын сияқты. Сіздің пікіріңіз қандай? 

– Өзіме келетін болсам, көп адамдар, туысқандар "қашан тұрмысқа шығасың?" деп сұрап жатады. Мен ойлаймын, әр адамның өмірі өзінікі. Қашан тұрмысқа шыққым келеді, сол кезде шығамын. Қазіргі таңда оны ойламаймын. Негізі бұл сұрақты көп қоймау керек. Уақыты келгенде шығады. "Қашан күйеуге шығасың?" деген сұрақ ұнамайды. Туысқандардың арасында көп сұрайды. Тілек айтса да соны қосады. Жұбыңды тауып, отбасылы болуды көп айтып жатады. Соны естіп, шаршап кеттім. Адамдар неге басқа адамдардың жеке өміріне араласады деп түсінбеймін. Менің күйеуге шыққаным кімге, қандай пайда алып келеді деп ойлаймын. Әркімнің өз өмірі. Уақыты келгенде көреді. Қазір де бақыттымын! Өзімнің сүйікті ісіммен айналысамын. Барлығы бұйырған уақытта болады.

– Жігіттерге талабыңыз қандай? 

– Ешқандай талабым жоқ. Бірақ сенің оған көңілің болмаса, қайта-қайта жазып, мазаны алатын жігіттер ұнамайды. Сыйлайтын, құрметтейтін, тәрбиелі болғанын қалаймын. Мені ғана емес, жалпы қыздар қауымына сыйластығы болу керек.

– Уақыт бөліп, сұхбаттасқаныңыз үшін алғыс білдіремін! Спортта қазақ халқының атағын одан да жоғары асыра беруіңізге тілекшімін! 

Өзгелердің жаңалығы