Үкімет отырысынан соң Әділет министрі Азамат Есқараев экс-президент Нұрсұлтан Назарбаевқа қатысты сұраққа жауап берді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
БАҚ өкілі министрге «Заң бойынша Нұрсұлтан Назарбаев пен оның отбасында тағы қандай артықшылықтар қалды?» деп сұрады.
Оған (экс-президент) қатысты қолсұғылмаушылық, көлік және үймен қамтамасыз ету құқығы сақталады, - деді Азамат Есқараев.
Сондай-ақ Есқараев «Заңдағы Нұрсұлтан Назарбаев пен оның отбасына арнайы артықшылықтар берген нормалардан толық тазарды деп айта аламыз ба?» деген сұраққа былай деп жауап берді:
Бұл жұмыс жалғасып жатыр. Заңға тиісті түзетулер енгізілді. Мұның бәрі қаңтарда қабылданған заңның логикалық жалғасы деп айтуға болады. Алайда жұмыс әлі жалғасып жатыр, - дейді Азамат Есқараев.
Еске салсақ, қаңтарда Назарбаев «Құрметті сенатор» атағынан айырылған болатын. Ал қазан айында Қазақстанның бірінші президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың атында болған тағы бір университеттің атауы өзгерді.