Астана, BAQ.KZ тілшісі. Бүгін актриса Самал Еслямова Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен өткен мерекелік жиынға қатысты. Салтанатты жиында ол алдағы жоспарларымен бөлісті.
"Мен әлемнің қай мемлекетінде болсам да, Қазақстанға әрқашан үлкен қуанышпен, үлкен бақытпен ораламын. Мен елді өте қатты сағынамын және елдің аспанын сағынамын. Сол аспанды, елімізді бейбітшілікте сақтағаныңыз үшін сізге өзімнің атымнан және халықтың атынан мың алғыс. Бейбітшіліктің арқасында біз жақсы, бақытты өмір сүре аламыз және де өзіміз сүйіп, оқыған кәсібімізбен айналыса аламыз. Қазір Қазақстанның мәдениеті мен өнері әлемге белгілі. Құдай бұйыртса, Қазақстанның өнері саласында еңбек ете беремін деп ойлаймын", - деді Самал Еслямова.
Нұрсұлтан Назарбаев Самал Еслямовадан алдағы жоспарлары жайлы сұрады.
"Бұйыртса, мамыр айында бір көркем фильм бар. Содан кейін жазда Қытай, Моңғолия, Канада біріккен жобасы бар. Соған түсемін бе деп жоспарлап отырмын", - деп жауап берді Самал Еслямова.
Президент актриса Еслямова "үздік әйел рөлі" үшін сыйлық алып, Қазақстанды танытқанын еске салды.
"Ең бастысы шетелдегі мигранттардың жағдайын көрсетті. Мен «шүкір, 27 жыл тәуелсіздікте қазақстандықтар басқа елдер сияқты еш жерде жалданып еңбек еткен жоқ» деп үнемі айтып жүремін. Самал осы адамдардың өміріндегі қиындықтарды жақсы көрсетті және ол бұны үлкен өнермен және талантпен суреттеді. Біз жаңа туындылар күтеміз", - деді Назарбаев.
Бүгін Елбасы әйелдер қауымын 8 наурыз мерекесімен құттықтады. Халықаралық әйелдер күніне орай Ақордада "Көктем шуағы" деп аталатын мерекелік шара ұйымдастырылды. Салтанатты жиынға елімізге еңбегі сіңіп, түрлі салада жетісікке жеткен арулар қатысты. Шара барысында қолөнер шебері Айгүл Жансерікова президентке сыйлық жасап, ақын Мақпал Тәжмағанбетова өлең оқыды, ал әнші Клара Муфтиқызы ән айтты. Мемлекет басшысы жиын соңында көпбалалы аналарды "Алтын алқа" және "Күміс алқамен" марапаттады.
Еске салсақ, қазақстандық актриса Самал Еслямова "Айка" фильміндегі басты рөлі үшін Канн фестивалінде "үздік әйел рөлі" аталымын жеңіп алған болатын.
Қымбат Елтайқызы