Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Ресей Федерациясының Президенті Владимир Путинге көңіл айту жеделхатын жолдады. Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі хабарлады.
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Шереметьево әуежайында жолаушылар ұшағының өртенуі салдарынан адамдардың қаза болғаны туралы хабарды зор күйзеліспен қабылдады.
«Қаза болғандардың туыстары мен жақындарына, сондай-ақ бүкіл Ресей халқына көңіл айтамын. Зардап шеккендердің тезірек сауығып кетуіне тілектестік білдіремін», – делінген жеделхатта.
Сонымен қатар, Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Ресей Федерациясының Президенті Владимир Путинге көңіл айту жеделхатын жолдады.
Мемлекет басшысы Шереметьево әуежайындағы ұшақ апаты салдарынан көптеген адамның қаза болуына байланысты қайғырып көңіл айтты.
«Қазақстан халқының және жеке өзімнің атымнан қаза болғандардың туыстары мен жақындарына шынайы көңілімізді жеткізуіңізді сұраймын. Зардап шеккендердің тезірек жазылып, отбасыларына оралуына тілектеспін», – делінген жеделхатта.