Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Президенттің 2003 жылдың 15 қарашадағы жарлығы бойынша шілденің үшінші жексенбісі металлургтер күні ретінде аталып өтіледі. Биыл бұл кәсіби мереке 19 шілдеге түсіп отыр.
Осы ретте Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев металлургия саласының қызметкерлерін кәсіби мерекесімен құттықтады.
Құрметті металлургия саласының еңбеккерлері мен ардагерлері! Сіздерді кәсіби мерекелеріңіз – металлург күнімен құттықтаймын! Осы атаулы күні бізге, металлургтерге – ерлік пен зор қайрат-жігерді талап ететін мамандық иелеріне, өздерінің абыройлы да ауыр жұмысына берілген еңбексүйгіш жандарға сый-құрмет көрсетеміз, – делінген Elbasy.kz сайты жариялаған Назарбаевтың құттықтауында.
Нұрсұлтан Назарбаев өзінің металлургтердің арасында шыңдалып, тәжірибе жинақтағанын айта кеткен.
Менің өзім де домна пеші басындағы еңбекте шыңдалып, тәжірибе жинақтадым. Жұмылған жұдырықтай ұйымшылдықтың, өзара көмек пен нағыз достықтың шын бағасын білдім. Металлургия – қазақстандық өнеркәсіптің жетекші саласының бірі, онда мыңдаған жоғары білікті мамандар мен басқарушылар еңбек етеді. Олардың қажырлы еңбегі мен асқан шеберлігі еліміздің экономикалық әл-ауқатының берік негізінің бірі болып отыр. Сіздер алдағы уақытта да Қазақстанның игілігі жолындағы өз жұмыстарыңыздың барысында кәсіби жаңа биіктерді бағындыра бересіздер деп сенемін. Баршаңызға мықты денсаулық, табыс, бақ-береке тілеймін!, – дейді Нұрсұлтан Назарбаев.
Айта кетейік, 1962 жылдың 15 шілдесі күні "Казахстанская правда" газетінде Қазақстан Магниткасының үздік металлургі Нұрсұлтан Назарбаев туралы алғашқы мақала жарияланған.