Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бүгін Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәжілісінде Бекболат Тілеухан қанша тұлпары бар екенін айтты.
«Асыл тұқымды қымбат жылқылар ұстайды екенсіз. Ол жылқылар сыйлық па, әлде өзіңіз сатып аласыз ба? Қораңыздағы ең қымбат жылқының құны қанша?» деп сұрады тілшілердің бірі.
Ол өз кезегінде кейбірін сатып алғанын, енді бірін сыйға алғанын айтты.
Аттарым бар екені рас. «Лаулат» дейтін Қостанай айғырын 900 мың теңгеге сатып алғанмын. Одан кейін «Салкүрең» деген бар. Ол да Қостанай жылқысының тұқымы. Өте төзімді ат. Мұның бағасы 550 мың теңге болды. Сосын «Тасуа» деген атты Шешенстанда таныс бауырларым сыйлады. Келешекте бәйге қосылатын болады. Бұл ағылшын жылқысы. Менің естуімше, бағасы 8 мың еуро көлемінде. Бірақ маған сыйлық ретінде келді, - дейді Бекболат Тілеухан.
«Алтын тұлпар» аламан бәйгесінде топ жарған «Бақторы» деген тұлпарды Елбасының інісі Болат Назарбаевтың ұлы Нұрбол Назарбаев сыйлаған деп отыр.
Оның да бағасын білмеймін. Нұрбол Болатұлы мінгізді. Жалпы бас-аяғы мініске байланысты 6 ат бар, - дейді Ұлттық спорт түрлері қауымдастығының президенті.