Қазақстанның бірқатар өңірінде 26 тамызда ауа райы нашарлайды. Синоптиктер найзағай, тұман, қатты жел және жоғары өрт қаупі болатынын ескертеді, деп хабарлайды BAQ.KZ «Қазгидрометке» сілтеме жасап.
Қай өңірлерде найзағай ойнап, жаңбыр жауады?
Шығыс Қазақстан облысында жаңбыр мен найзағай күтіледі, солтүстік пен шығыста – кей уақытта қатты жаңбыр, күндіз бұршақ жауып, дауыл соғуы мүмкін. Түнде және таңертең тұман түседі. Солтүстік-батыстан соққан желдің екпіні секундына 15-20 метрге жетеді.
Абай облысының солтүстігі мен шығысында жаңбыр жауып, найзағай ойнайды. Түнде және таңертең солтүстікте тұман түсуі ықтимал, жел екпіні секундына 15-20 метрге күшейеді.
Ақтөбе облысында түнде солтүстікте, ал күндіз батыста, солтүстікте және оңтүстікте жаңбыр жауып, найзағай ойнайды. Жел екпіні де секундына 15-20 метрге жетуі мүмкін.
Жетісу облысында, оның ішінде таулы аудандарда жаңбыр мен найзағай күтіледі. Түнде және таңертең тауда тұман түсуі мүмкін. Жел секундына 15-20 метрге, күндіз кей жерлерде секундына 23-28 метрге дейін күшейеді.
Қостанай облысында күндіз батыс пен солтүстікте жаңбыр жауып, найзағай ойнайды. Түнде және таңертең солтүстікте тұман болжанады. Сонымен қатар күндіз облыстың оңтүстігінде +35 °C-қа дейін қатты ыстық сақталады.
Сондай-ақ Павлодар облысының оңтүстігі мен шығысында, Атырау облысының оңтүстігі мен шығысында аздаған жаңбыр жауып, найзағай күтіледі.
Тұман мен қатты жел
Ақмола облысында түнде және таңертең батыс пен оңтүстікте тұман түседі.
Сондай-ақ Солтүстік Қазақстан облысының оңтүстігі мен шығысында түнде және таңертең тұман болжанады. Күндіз жел секундына 15-20 метрге дейін күшеюі мүмкін.
Алматы облысында түнде таулы аудандарда жаңбыр мен қар түрінде жауын-шашын жаууы ықтимал, сондай-ақ тұман түседі. Таулы аудандарда жел секундына 18 метрге жетеді.
Түркістан облысында 26 тамызда күндіз, сондай-ақ 27-28 тамыз түнде солтүстікте шаңды дауыл соғуы мүмкін. Жел екпіні секундына 15-20 метрді құрайды.
Өрт қаупі сақталады
Синоптиктердің ерекше ескертуі өрттің шығу қаупіне қатысты.
Қызылорда және Батыс Қазақстан облыстарында төтенше өрт қаупі күтіледі. Сондай-ақ бұл қауіп Ұлытау облысы мен Жамбыл облысында сақталады. Қарағанды облысының оңтүстігінде төтенше, ал шығысында жоғары өрт қаупі бар.
Маңғыстау облысында күндіз +38…+39 °C қатты ыстық болады деп болжануда.
«Қазгидромет» сапарларды жоспарлау және ашық ауада жұмыс істеу кезінде дауылды ескертулерді ескеруге кеңес береді.
Еске салайық, бұған дейін Еуропадағы аптап ыстық 35 мыңнан астам адамның өмірін қиғаны хабарланды.