Биыл Еуропадағы аптап ыстық салдарынан кемінде 35 мыңнан астам өлім-жітім тіркелді. The Guardian басылымының хабарлауынша, осындай жағдайлардың 25 мыңнан астамы Германия, Франция және Испания елдеріне тиесілі.
Деректер әзірге алдын ала берілген. Сарапшылар тамыз айының толық статистикасы шыққаннан кейін өлім-жітім саны айтарлықтай артуы мүмкін деп болжайды.
Германияда ең көп жағдай тіркелді
Үш елдің ішіндегі ең жоғары көрсеткіш Германияда байқалды. Роберт Кох институтының мәліметінше, 6 сәуір мен 9 тамыз аралығындағы шамамен 14 мың өлім жоғары температураның әсерімен байланысты болуы мүмкін.
Әсіресе, 22-28 маусым аралығындағы апта өте ауыр тиді. Бұл кезеңде ондаған метеостанцияда температура 40 °C-тан асып түсті. Сол кезде шамамен 9600-ден астам өлім тіркелген.
Маусым айының соңында 46 неміс метеостанциясында бірден 40 °C-тан жоғары температура тіркелді.
Испания 2022 жылғы антирекордын жаңартты
Испанияда мамыр мен тамыз айлары аралығында ыстықпен байланысты 4947 өлім алдын ала есептелген.
Бұл көрсеткіш елде жоғары температурамен байланысты 4520 өлім тіркелген 2022 жылғы деңгейден асып түсті.
Жаз бойы Испанияның жекелеген аймақтарында температура тұрақты түрде 42 °C-тан асып отырды.
Франциядағы жағдай
Францияда шілде айының соңына қарай төтенше аптап ыстық кезеңдеріне шамамен 5800-ден астам өлім тіркелді. Осы жаз айында елде метеорологиялық бақылаулар тарихындағы орташа есеппен алғандағы ең ыстық күн де есепке алынды.
Неліктен жағдайдың құрбандарын нақты анықтау қиын?
Мамандар жоғары температура өлімнің тікелей себебі ретінде әрқашан көрсетіле бермейтінін атап өтеді. Сондықтан аптап ыстықтың салдарын бағалау үшін қалыпты жағдайда күтілетін деңгейден тыс болатын өлім-жітім саны – артық өлім-жітім көрсеткіші қолданылады.
Аптап ыстық әсіресе созылмалы аурулары бар адамдар үшін өте қауіпті. Жоғары температура жүрек-қан тамырлары мен тыныс алу жүйелеріне түсетін салмақты күшейтіп, инфаркт, инсульт және басқа да күрделі асқынулардың қаупін арттырады.
Барлық дерек өңделгеннен кейін түпкілікті статистика бірнеше апта немесе айдан кейін ғана жариялануы мүмкін.
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы бұған дейін Еуропа аймағында соңғы 20 жылдағы аптап ыстыққа байланысты өлім-жітім 30%-дан астам өскенін хабарлаған болатын.
Мамандар қатердің әрі қарай өсу факторларының қатарына климаттың өзгеруі мен халықтың қартаюын жатқызады.