Бүгін, 8 мамырда Астана мен еліміздің 17 өңірінде дауылды ескерту жарияланды, деп хабарлайды BAQ.KZ.
«Қазгидромет» РМК мәліметінше, республика аумағында найзағай, бұршақ, қатты жел, шаңды дауыл және жоғары температура күтіледі.
Астанада күндіз жаңбыр жауып, найзағай мен бұршақ болуы мүмкін. Түнде және таңертең тұман түсіп, желдің екпіні 15–18 м/с-қа дейін күшейеді.
Алматы облысында таулы аймақтарда қысқа мерзімді жаңбыр мен найзағай күтіледі. Күндіз ауа температурасы 36°C-қа дейін көтеріледі, жел күшейеді. Өңірде жоғары өрт қаупі сақталады.
Жамбыл облысында 38°C-қа дейін аптап ыстық, найзағай және шаңды дауыл болжанады.
Жетісу облысында 35–36°C шамасында қатты ыстық күтіліп, өрт қаупі жоғары болады.
Қызылорда, Түркістан облыстарында шаңды дауыл мен найзағай болуы мүмкін.
Ақмола, Қостанай, Батыс Қазақстан, Қарағанды, Павлодар, Солтүстік Қазақстан облыстарында жаңбыр, найзағай, бұршақ және қатты жел күтіледі.
Атырау, Маңғыстау, Ақтөбе облыстарында кей жерлерде қатты жаңбыр, бұршақ және тұман болуы ықтимал.
Шығыс Қазақстан, Абай, Ұлытау облыстарында да найзағай мен жауын-шашын болжанып отыр.
Синоптиктердің айтуынша, бірқатар өңірлерде өрт қаупі жоғары және төтенше деңгейге дейін жетуі мүмкін.
Мамандар тұрғындарға ауа райының күрт өзгеруіне байланысты қауіпсіздік шараларын сақтауды, ашық ауада ұзақ уақыт болмауды және ескерту хабарламаларын қадағалап отыруды ұсынады.