Наурыз мейрамы: Оқушы қыздар 50 көрпе тікті

Кеше, 21:30
188
Бөлісу:
Наурыз мейрамы: Оқушы қыздар 50 көрпе тікті
Фото: Белсенді ұзақ өмір сүру орталығы

 Өндіріс елді мекенінде орналасқан Қ. Кемеңгерұлы атындағы №49 мектеп-гимназиясында "Бақ берекем, құт мерекем – әз Наурыз!" атты мерекелік іс-шара өтті, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Аталған мерекені "Ұрпақтар сабақтастығы" жобасы аясында Байқоңыр ауданының зейнеткерлері мектеп оқушыларымен бірлесіп ұйымдастырды.

Наурыз мерекесі мектеп фойесінде орналасқан қол өнер бұйымдарының көрмесінен басталды, сондай-ақ мектеп бөлмесінде қазақи дастархан жайылды. Оқушы қыздар Наурыз мейрамы қарсаңында 50 көрпе тігіп, жиналғандардың назарына ұсынды.

Сонымен қатар, оқушылар арасында асық ату, ләңгі тебу, арқан тартыс, қазақша күрес ойындарынан жарыстар ұйымдастырылып, жеңімпаздарға сый-сияпат жасалды.

Мерекелік бағдарламаның екінші бөлігі мектептің мәжіліс залында көркем өнерпаздар концертімен жалғасты. Концерттік бағдарламада өнерлі оқушылармен қатар әнші, биші ата-әжежелер де өнер көрсетті.

Әсіресе Байқоңыр ауданы бойынша БҰӨСО зейнеткерлерінің орындауындағы "Тамаша", "Ана туралы жыр" әндері мен "Қамажай", "Қара жорға" билері көпшілік көңілінен шықты. Ақ жаулықты әжелер шашу шашса, аталар өскелең ұрпаққа ақжарма батасын берді.

Мектеп әкімшілігі әжелердің мерекелік ән шашуына алғыстарын білдірді.

Бүгін Өндіріс кентінде Наурыз мейрамы ерекше аталып өтуде. Бүгінде біздің Орталықта оқушыларға ұлттық салт-дәстүр мен қол өнер үйретуді әжелеріміз қолға алып келеді. Әрине, аға буын өкілдерінің ұрпақ тәрбиесіне араласуы қуантады. Сахнада оқушылармен қатар, зейнеткерлердің өнер көрсетуі мерекелік көңіл-күй сыйлады, - деп ойын түйіндеді Белсенді ұзақ өмір сүру орталығы директорының орынбасары Эльвира Шамшикенова.

Наурыз мерекесін тамалауша ұстаздар қауымы, оқушылар, ата-аналармен қатар "Замандас" отбасылық аула клубының өкілдері келді.

Өзгелердің жаңалығы