Наурыз мерекесі балалар жүрегіне жол табуға тиіс - Абылайхан Қалназаров

31 Наурыз 2024, 20:16
956
Бөлісу:
Наурыз мерекесі балалар жүрегіне жол табуға тиіс - Абылайхан Қалназаров

Наурыз – жыл басы. Ұлыстың ұлы күні биылғы жылдан бастап Мемлекет басшысының ұсынуы бойынша еліміздің барлық өңірінде жаңа форматта тойланатын болды. 14 наурыз – Көрісу күнінен бастау алған Наурызнама онкүндігі 23 наурызға дейін түрлі бағытта тойланды. 

Бұл қаншалықты тиімді болды? Осы бағытта тойласақ өскелең ұрпақтың санасына Наурыздың құндылықтарын сіңіре аламыз ба? Осы және өзге де мәселелер төңірегінде қазақы ұлттық руханият, күш мәдениеті, ұлыдалалық мемлекетшілдік философия бағыттарының бірегей білгірі, саяси ағартушы технолог – мәдениеттанушы-философ Абылайхан Мамырайханұлы Қалназаровпен ұсынымдық-сарапшылық сұхбат жасаған едік.

BAQ.KZ: Абылайхан Мамырайханұлы, биылғы наурыз өзгеше форматты өтті. Мәдениеттанушы, қала берді қазақ, адам ретінде сізге ұнады ма? Қандай баға берер едіңіз?

Абылайхан Мамырайханұлы: Иә, бұл жылғы наурыз «Отыз күн ойын, қырық күн тойын» дегендей, он күнге жалғасты. Іс-шарасы да, оқиға тізбегі де колоритті де көптігімен таңқалдырды. Сонау тоқсаныншы жылдардағы атмосфера, ендігісі ұмыт бола бастаған наурыздамалық-мерекелік рух қайта келгендей болды. Ел бір серпіліп қалды. Ұнады.

BAQ.KZ:  Алдағы жылдары осы үлгіде жалғасын таба беруге тиіс пе?

Абылайхан Мамырайханұлы: «Ұнады» деген қолдау білдіремін деген сөз емес. Бұл жолғы мерекелеудің де практикалық кезекті бір тәжірибе, жаңаша тойлап, халық реакциясын бақылап көруге деген талпыныс екендігін түсіну керек. Содан соң мұның Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың ұсыныс-тапсырмасымен қолға алынғанын ескерген ләзім. Ол еліміздің бас газетіне берген сұхбатында да, Жаңа жыл ол үшін қастерлі мереке емес екенін, өзіміздің төл жаңа жылымыз – Әз Наурыз бар екенін атап өткен болатын.

Өз басым, зерттеуші ретінде де көп тұжырымдар жасадым. Ол тұжырымдар қазіргі идеологтардың пайдасына емес.

Бұл жолғы наурызда әр күнге бір идеяны арнап, бір-бір түс-бояу таңып, солардың аясында көшпенділік-қазақ мәдениетінің бар асыл-жауһарын паш етуге ұмтылыс байқалды. Бұл жақсы-ақ. Бір күні жаппай ұлттық киім кисек, енді бір күні тағамдар, тағы бір күні қолөнер бұйымдарын дәріптеп бір жарғап қалыстық. Алайда маған басты нәрсе назардан тыс қалғандай көрінді. Ол – наурыздың мәні мен бәсекеге қабілеттілігі мәселесі. Идея да, бояу да тым молынан. Наурыз мән емес сән қуып, тым көп болып кетті. Ал көптің қадірі жоқ. Жұрт қай күні бір-бірін құттықтап, қай күні нені басшылыққа алуды түсінбей қалды. Көпшілік шатысты. Назар-пейілін шашыратып, концентрацияны жоғалтып алды. Он күн бойы кім қандай күнге телінгенін аңдып, бұл таңның идеясы не деп күтіп отырады? Қабылдауға да, есте сақтауға да, тойлатуға да тым күрделі. Балалардың танымына тіптен, ауыр. Ал бұл жаман. Наурызды барынша оңай ету керек қой.

Осынау үрдіс жалғасын таба берсе, «Нағыз жаңа жыл қыста емес, көктемде» деген әлі де құр сөз болып қала бермек. Өйткені қыстағы мерекенің бұл мерекеден әлі де атмосфералық энергиясы басым.

BAQ.KZ:  Сіздіңше, сонда не істеу керек?

Абылайхан Мамырайханұлы: Наурыз мерекесін мейрамдауға мөлшерімен нақты бір күн немесе бірнеше күндер ғана белгіленуге тиіс. Бұған дейін бұл күн 22 наурыз еді. «Ұлыстың ұлы күні» демекші, бір күнге наурыз тәжін кигізу. Сол қалпында қала берсе. Содан соң наурыз атрибут-символдарымен мәдениеттанушылармен тығыз байланыста мықты маркетолог-брендологтар жұмыс істеп, барынша минимализм жүйесін жасаса. Мысалы, наурызға бір ғана рәміз – бәйшешек, я жауқазын, наурызгүл, қызғалдақ немесе басқа. Бір ғана түс пен бояу – жасыл немесе қызыл, яки бір-екі түс-бояудың бірлігі. Бір ғана ән. Бір ғана идея – жаңғыру мен жаңару. Осылай кете береді. Сол нышандар арқылы балабақшадағы бала да наурыздың келіп кеткенін ұғып білетіндей болса.

Мәселен, менің Еділ деген кенже ұлым үш жасар кезінде көліктің терезесінен сыртқа қарап отырып бір атышулы дүкеннің жанынан өтіп бара жатқанда әлгі сауда орнының атын айтып айқайлаған. Ал ол тілі шыққанмен әріп танымайды, оқып білмейді. Сонда ол дүкенді қайдан таныды? Бренд ретінде таңдап, маңдайшаларына атауымен бірге біріздендірген түс арқылы түстеп таныды.

Тап осылай біз де көптеген банктердің банкоматтарын алыстан түсі арқылы айыратынымыз бар емес пе? Оңай, практикалық тұрғыдан тиімді, есте қаларлық. Наурызға да осылай жасауға не кедергі?

Наурызды барынша бірыңғайлап ерекшелеу керек. Ерекшелегенде де үлкендерге бағдарланып емес, балаларға, бүлдіршін-балдырғандар сана-сезімін есеп пен ориентирге алып ерекшелеу керек. «Балалардың жүрегіне жол тапты» деген сөз, наурыз да идеологиялық тұрғыда орнықты деген сөз. Қыстағы жаңа жыл, рождестволардың күші неде? Балалардың тілін табуы, қиял-фантазиясын тербей білуінде. Бұл жерде Аяз ата-Санта Клаус, Ақша қар, шырша, жаңажылдық сый-сыяпат-подаркі, элфтерге, жаңажылдық таңғажайыптық фильм-мультфильмдерге салмақты балама мен дәйек таппай іс өнбек емес. Білімдарлар ойлансын! Креатив қос!

BAQ.KZ:  Қыстағы мереке мен осы төл мерекемізді таразыға салса, қайсысының кір тасы көбірек басады? Бұл жағынан тағы қандай ұсыныс-пікірлеріңіз бар?

Абылайхан Мамырайханұлы: Біріншіден, наурыз ай ретінде көктемнің бірінші, ал күнтізбелік жылдың үшінші айы. Байқағандайын, «күнтізбелік» деген сөзді неге қолдандық?

Қалайық, қаламайық, әлемдік жетекші елдер, олар қуат көзі болып отыраған еуроатлантикалық өркениет жаңа жыл ауысымын бірінші қаңтардан бастайды. Бүкіл жер шары солар бекіткен календарлық стандарт бойынша жүріп тұрады. Алайда әр өркениет өз ареалында өзіндік дәстүрлі жыл ауысымын локальды түрде тойлай береді. Наурыз да түркі-парсы текті елдер үшін сондай аймақтық құндылықтар жүйесімен анықталатын дүние. Бұл жағынан халық үзілді-кесілді қыс жаңа жылын тойламай кете алмас. Алайда оның маңызын азайту қолдағы дүние. Мемлекет қыстағы демалыс күндерін азайтып, одан алынғандарын, сыйақы және тағы да басқа артықшылықтар мен бонустарын наурызға лақтырса, сауда орындары да бүкіл жеңілдіктері мен акцияларын, «Жомарт жұмаларын» наурыз мерекесі қарсаңына тураласа, қарапайым халық та басты отбасылық-әулеттік отырыстарын, жиындарын төл датаға оңтайласа оңғар. Осы жерде жаңа жылда емес, наурызда сыйлық сыйлау мәдениеті қалыптасса деген ой. Сыйлық сыйлау – мейрам көркін келтіру үшін тамаша мүмкіндік.

Бұл жағынан наурыз – құндылық, қыстағы жаңа жыл – күнтізбе ғана.

Екіншіден, наурыз – күн мен түннің теңелуі, табиғаттың түлеп оянып, жаңа циклдің басталуы. Бұл тұрғыда «шаппай бер» басымдықтың наурызда екендігі сөзсіз.

Неге?

Қыстағы жаңа жыл – арғы жағында дін бүркеліп жатқан, Иса пайғамбар концепциясымен байланысты мереке. Әйтпесе қақаған қыстың ортасында адам баласы жылдың ауысқанын атап өте ме? Қисын жоқ. Қисын болса да ол бір ғана Иса образына байланған.

Наурыз – арғы жағында үлкен ғылым бұғып жатқан, физикалық-астраномиялық негіздемесі бар мейрам. Тіпті, оның ілкісі сонау есте жоқ ескі заманалардан басталады. Нақты бір мерзімді атап жүрген ғалымдар оның тойланып келе жатқанына бес мың жыл болды деп дәлелдейді. Адамдар аспан әлемін, табиғат дүниесін, жерлік алмасу-циклдерді түсініп, ненің не екенін айырғанда, жылдың басталуы мен аяқталу межелерін де белгіледі. Наурыздың «Жыл басы» атанатыны осы себепті.

Өз тәжірибемнен айтар болсам, мысалы, көптеген тарихи және этнографиялық кітаптардан далалықтардың наурызда өгіз сойғанының дерегі көп кезікті. Іздене келе, мұның түсіндірме-трактовкасын астрономиядан тапқаным өз алдына бөлек әңгіме. Айталық, Абылай «хан» атанып, таққа отырғаннан кейін, бір жылдан соң Үш жүздің игі жақсыларын ертіп, оңтүстіктегі әулиелерді аралап, Түркістанға барып Алла разылығы үшін тасаттық жасап, ала өгіз сойды деп келеді бір деректемелерде.

Неге өгіз сойылады?

Ал ол үркер жұлдызымен байланысты екен. Ол жұлдыз күздің басында – шығыстан, қыста – төбеде, көктемде көк жүзінің етегінен көрініп, жазғы маусымда мүлдем батып жоғалады. Сонда «Үркердің жерге түсуі» деген кезең шыңылтыр қырық күн шілдеге дөп келеді. Бұл шақта оның көкжиектен тасалануы себебі – күн толы наурыз айында дәл соның үстінен өтеді. Үркердің қос жұлдызы бұқаның мүйізі секілді батқан күн жолының екі жағынан қылтиып көрінбек. Аспандағы дәл осы көрініс сілтемесін ел аумағындағы петроглифтердегі мүйізімен күн көтеріп тұрған алып көк өгіздердің суретінен де көруге болады.

Сақтардың «аң-жануарлар стилі» өнерінде арыстанның теке, яки елікті жеуі де осы координаталармен анықталады. Ол күздің түсуін танытса, осы қатарда арыстанның өгізді жеу көрінісі көктемгі күн тоғысын, яғни жаңа жылды бейнелейді. Меніңше, ата-бабаларымыз осылайшы аспан белдеуінде күннің жолымен жерге келген жаңа жылдың символын бейнелеуге тырысқан.

Осы салаға маманданған бір ғалым айтқандай, үркер шоқжұлдызын бақылауда Шумер абыздарының жұлдыз есептеу тәжірибесі мен қазақ есепшілерінің астрономиялық түсініктерінің арасында таңқаларлық параллельдер жүргізуге болады.

Ілгерідегі тірлік кешкен көшпенділердің наурызда өгізді құрбандыққа шалуы – сол ежелгі астраномиялық білімдерден тамыр алады.

Демек, наурыз – зор ғылым, қыстағы жаңа жыл – идеология ғана.

Үшіншіден, наурыз – философиялық терең таным. Классикалық қазақтар жақсылықты «кие», жамандықты «кесір» деп атаған. Тиісінше, қысты «зымыстан», көктем-жазды «табысқан» деп айдарлаған. Бұл да бекер емес. Қыс – табиғаттың алатын, көктем бере бастайтын кезеңі. Қыс – өлім, көктім – өмір. Еліміздің батысында сақталып, ендігісі республикалық деңгейде қайта жаңғырып жатқан Амал мерекесі – «Көрісу» ғұрпының түпкі мән-мағынасы да осы арқылы анықталады. Қазіргідей заманауи қатынасу жолдары, дыбыстық-бейнелік хабар алысу құралдары жоқ ел-жұрттың даланың әр бұрышында тарыдай шашырап, қар құшағында әркім өзімен өзі болып, көктем шыға наурызек құсының келісімен бір-бірімен сағыныса көрісуі, өзара кешірімдесіп қауышуы заңдылық. Өйткені ертеректе қыстан мал-жан аман шығуы өте қиын болған. Бір жағынан бұл құдайға шүкірлік пен тәубені де білдіреді. Сондықтан да 14 наурыздағы төс қағысып, арылысып, қауқалдасудың транцеденттік мәніне де назар салған жөн.

Осы кезеңнің «Бес қонағы», «Өліарасы» бар, жақсылық пен жамандықтың жан алысып, жан берісетін, «Жуанның жіңішкеріп, жіңішкенің үзілер, өлінің әрмен тартар, тірінің бермен тартар» шытырманы, күн мен түннің, суық пен жылының, мүшел алмасуы тартысының халық санасындағы осы көріністері наурыз мейрамының шығуына қатысты дуалистік теорияларға да жетелейді. Қалай дегенде де жан-жануарларды «ағарған» түсінігімен қастерлеп, бұлақ көрсе көзін ашу, ағаш егу, үй-жайды, аула-төңіректі тазалауымен экологиялық қырлары да бар төл мереке шырша кесетін, отшашулар атып, ауаны ластайтын, ішімдіктер ішетін қыс мейрамына қатысты ұтымды позицияда.

Демек, наурыз – ізгілік пен жақсылықтың, жылылықтың символы.

BAQ.KZ:  Наурызды отқа, күнге табынушылардың діни мерекесі деп тойламайтындар шыға бастады. Бұған не дейсіз?

Абылайхан Мамырайханұлы: Дінтанушы, болмаса теолог емеспін. Бірақ менің қосар «бес тиыным» – бұл мейрамның басты уәждемесі табиғат пен көктеме беташары болуында деп білемін. Таң атады, күн батады, ай туады, жұлдыз ағады, күн тұтылады және тағысын тағылары. Бұлар ең алдымен табиғат құбылыстары. Оларға қандай да бір мән үстеп, сенетін, ырымдайтын өзіміз.

Наурыздың да адамзаттың сәби дәуірінен бастау алатынын айтып өттік. Оның астарында таза ғылым бар. Ал енді өзі ежелгі шығыстық мереке болса, әрі үздіксіз тойланса, әр дәуірде әралуан қауымның оған өз уақытының наным-сеніміне қарай түрлі мән-мағына телуі заңды. Бұл жерде бәрі ниетке келіп тіреледі. Не деп білсеңіз, сол болмақ.

Сонау Анадолыдағы бауырлас жұрт – Айя-София собырын қың деместен Үлкен мешіт етіп, тұтып жатыр. Тіптен, көне Константинопольды да «Ислам бол» деп, Ыстанбұлға айналдырып алып, бақытты да шат-шадым тірлік кешуде.

Айталық, той-мейрамдарда фейерверк-отшашулар орын алады немесе «похылдақ» атамыз. Қытайлар діни түсінігінде отшашулар мен похылдақ ату арқылы жын-шайтан қуу рәсімі орындалады. Ол олардың әлемді түсініп пайымдау картинасы бойынша дін астарлы әрекет. Біздікіше, олай емес. Біз үшін бар болғаны көңіл көтеру мен мейрамға сәуле ойнаған жарқыл қосу.

Бүйте берсек, «Құтты болсын», «ақжол» деп те айта алмай қаламыз. Олардың түбірінде түркілік жер құдайларының атаулары бар, ал! «Аспан» деген де жылқы құдайының аты. Солар сияқты «найзағай», «өсімдік», «май» – тағы нешеме сөз-ұғымдар бар.

Бұл жерде наурызға ғылым көзімен қарап, оның құрылымын кең мағынада, онда да ұлттық мүдде аясында топшылап пайымдау керек.

BAQ.KZ:  Наурыздың басты нышандары – наурыз көже, Қыдыр ата және өзіңіз айтып өткен наурызек құсы туралы да айтып өтсеңіз! Сонымен қатар «Мыңды айтпай, бірді айтсақ», бұл мерекені атап өтудің түп қазығы не болуы керек?

Абылайхан Мамырайханұлы: Құт – наурыз айының түрікше атауы, зульхидж – араб айы, қазақша – наурыз. Меніңше, наурыз концепциясының түпкі ұстыны осы құт ұғымына құралуы тиіс жәнеден барша мән мен сән, атрибутика, іс-қимыл, вибрациялар мен көрініснамалар, нышаннамалар құт-берекеге мазмандалмай болмайды. Сонда ғана наурыздың шын құнары танылады. Онсыз қызылды-жасылды қыс жаңа жылының басым болғаны болған. Қарап тұрғаннан басқа шара жоқ.

«Құнар» дегеннен шығады, наурыздың Тәңірі кеңсесінің тіркеуінен өткенін насихаттай білуіміз аса маңызды.

Наурыз көженің жеті дәмі – Нұқ пайғамбардың қырық күн, қырық түнге созылған топан судан кейінгі өз жамағатымен құрлыққа алғаш табан тигізгенінде қолда бар дәмдермен құдайға шүкірлік етіп берген асы.

Қыдыр ата – әулие яки пайғамбар. Араб тілінде аударғанда «жасыл адам» дегенді білдіреді.
Ақыретке дейін жер бетінде аман жүруге, ғұлама-ізгілермен жүздесуге мұрсат алған. Қазақтың «Басқан жеріңе гүл бітсін» деген сөз тіркесіне негіз болған персонаж. Түсіндірмелер бойынша жұмақтың кәусарынан немесе жердегі әбілхаят суын ішкен адам болған соң, оның басқан жері көгалға айналады. Бас бармағында буын жоқ және онысы қызыл болады деп септеледі.

Наурызек – наурыз айында келетін аяғы жіңішке, сары бауыр, көк ала торғай. Былайша айтқанда, кішкене көк шымшық. Жылда күн жылынып, көктем шыққанда ел түсінігінде өзімен бірге жақсылық пен жылылық және «нау» – жаңа ырзық алып келеді. Сондықтан бабаларымыз оны жақсылық алғаш әкелетін құс, яғни жақсылық жаршысы деп білген. Ол – нау ырзық. Наурызек келгенде міндетті түрде қазан-қазан наурыз көже – наурыздық берілуге тиіс.

Мұның барлығы бір-бірімен тығыз байланысты. Бәрі қосылып наурыздың мән-мәйегін, салтанат құратын атмосферасы мен мазмұнын анықтайды. Ал наурыздың мазмұны оның бәсекеге қабілеттілігінің көрсеткіші. Наурыз – ұлтымыздың символдық капиталының тұз көзірлерінің бірі. Осы көзірді өзгелер құр алтылықтарымен ұрып алмауы үшін оны насихаттап ілгерілету жан-жақты ойластырылуы керек. Мұнда кие де, құт та, идеология да, теңдей дәрежеде маркетинг пен экономика, сауда-саттық та ескерілуі тиіс. Мәселен, әлеуметтік жағынан алғанда, өкпе-реніштен арылып, қарыздан құтылатын да мейрам. Өз кезегінде бұл ең алдымен мәдениет пен ақпарат саласы басшылығына сын. Бұл жерде де, алдында айтып өткеніміздей, «жоғалған ұрпақтар» – үлкендер қауымдарына емес, наурыз мерекесі бірінші кезекте балалар жүрегіне жол табуға тиісті. Оның балалар жүрегінен орын алғаны, болашаққа да сенімді жолдама алғаны. Бүкіл күш пен стратегия осыған бағытталуы тиіс.

BAQ.KZ:  Биылғы көктем сын-қатерімен келіп жатыр. Күні кеше ғана дүркіретіп наурыз тойлап, бес күн бойы армансыз демалған еліміздің батыс және солтүстік, орталық аймақтарын су басуда. Бұған қатысты нендей бата тілегіңіз, сақтандыруыңыз бар?

Абылайхан Мамырайханұлы: Бұл апаттардың адами-ниеттік, әкімшілік-ұйымдастырушылық, инженерлік-технологиялық және қоғамдық-әлеуметтік астарлары бар. Десе де ол жағының маманы болмағасын, ниет факторын ғана атап өткім келеді. Транцедентті әлем – ғарыш пен жердің арасын жалғайтын бір тылсым арна бар. Сол арнаға жердегі адамдардың ниеті келіп байланады. Жақсы ниет жақсы толқын болып, жаманы жаман болып жерге қайта оралады. Жаратылыс заңы сондай. Қарғын су сынақ па, жаза ма, оны анықтайтын біз емес. Ең бастысы, Қазақстан масштабында ұжымдық пейіл мен ниетімізді дұрыстайық дегім келеді. Алматыдағы әлсіз жер сілкіністері де ескерту болуы мүмкін.

Қазақ халқы барлығын тұспал-аллегорияда жеткізген және таныған халық. Біздің сол руханият қазынамызда көне түркіден қалған «Қар мен қоянның тілдесуі» деген әфсаналы тәмсіл бар. Бірде қалың мұзға айналып, сіресіп жатқан қар наурыздың қызуына шыдай алмай, тұ­мауратып, денесі ауырлап, дел-сал болып, берекесі кете бастапты. Қар қорқып, қоянға жалынып, тамырын ұстатады. Қоян қардың тамырын ұстап отырып: «Қыс бойы мені қарға адым аттатпап едің. Қайтейін, ескікөз танысымсың ғой. Ауруың сылдырап ағып, сай-саймен кетсін, жылбырап ағып, жылғалармен кетсін!» деп ұшықтапты. Қояннан бата алған қар суы сол күні-ақ наурыздың шуақты күнімен борша-борша боп, өз жөнін тауыпты. Ескі дүниетаныммен образдап айтсақ, бұл жолы қоянның батасы дұрыс берілмеген болып тұр. Бұл батаның дұрыс берілмеуін ел пейіл-ниетіне тірейтін сахаралық түсініктің де барлығын атап өткен жөн.

Көнеден қалған мынадай да сөз бар:

«Наурыздың шапанын сәуір береді,

Сәуір болмай, тәуір болмайды,

Сәуірдің сыйын Тәңір береді.

Ел болып жұмылып, «Әрекетке берекет» деп, мемлекеттік құрылымдармен іс-қимыл етіп, енді қызыл судың салдарымен күресіп, бұдан былай алдын алып қайталамайтындай ету жолдарын ойлап, сәуірді күтелік.

BAQ.KZ: Уақыт тауып салиқалы сұхбат бергеніңізге рахмет!

Өзгелердің жаңалығы