Наурыз айында елімізде ауа райы қандай болады?

Синоптиктердің мәліметінше, ауа температурасы республиканың басым бөлігінде климаттық нормадан шамамен 1°С жоғары болады.

 freepik Бүгiн 2026, 06:13
Бүгiн 2026, 06:13
265
Фото: freepik

2026 жылғы наурыз айы жылы әрі жауын-шашынды болады деп болжануда. Бұл туралы «Қазгидромет» РМК баспасөз қызметінен мәлім етті, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Синоптиктердің мәліметінше, ауа температурасы республиканың басым бөлігінде климаттық нормадан шамамен 1°С жоғары болады. Ал оңтүстік-шығыс өңірлерде (Жетісу облысының басым бөлігі, Алматы және Шығыс Қазақстан облыстарының оңтүстік-шығыс бөлігі, Абай облысының қиыр оңтүстік-шығысы) температура нормаға жуық сақталады.

Жауын-шашын мөлшері елдің көп бөлігінде нормадан жоғары болжанып отыр. Ал Ақтөбе, Ұлытау облыстарында, Маңғыстау, Қостанай, Ақмола, Қарағанды, Қызылорда облыстарының басым бөлігінде, Батыс Қазақстан мен Атырау облыстарының шығысында, сондай-ақ Түркістан мен Жамбыл облыстарының солтүстігінде жауын-шашын мөлшері нормаға жуық болады.

Ай бойы ауа райы құбылмалы сипатта болады:

  • Солтүстік өңірлерде жауын-шашын негізінен қар түрінде түседі;
  • Батыс және оңтүстік аймақтарда жаңбыр және жаңбыр аралас қар жауады;
  • Кей күндері жел күшейіп, боран соғып, тұман түсіп, көктайғақ болуы мүмкін.

Өңірлер бойынша болжам:

Солтүстік, орталық және шығыс өңірлерде наурыз әдеттегідей «қыстың жалғасы» ретінде өтеді. Бірінші онкүндікте түнгі температура -28…-38°С-тан -5…-10°С-қа дейін, күндіз -10…-20°С-тан 0…-8°С-қа дейін біртіндеп жоғарылайды. Алайда онкүндіктің соңында қайта суытуы мүмкін.

Екінші және үшінші онкүндіктерде түнде -3…+2°С-тан -8…-15°С-қа дейін, кей жерлерде -20…-25°С-қа дейін төмендеуі ықтимал. Күндіз +5…+13°С-тан 0…-8°С-қа дейін ауытқиды.

Батыс өңірлерде суыту мен жылыну кезеңдері алма-кезек жүреді. Бірінші онкүндікте түнде -5…-15°С-тан 0…-5°С-қа дейін, күндіз 0…-8°С-тан -3…+7°С-қа дейін өзгереді.

Оңтүстік өңірлерде көктем лебі ертерек сезіледі. Бірінші онкүндікте түнде -8…+2°С, күндіз +5…+15°С-қа дейін жылынады. Айдың екінші жартысында оңтүстік-батыс және оңтүстікте кей күндері ауа температурасы +13…+22°С-қа дейін, ал қиыр оңтүстікте +27°С-қа дейін көтерілуі мүмкін.

Дегенмен антициклон ықпалымен қысқа мерзімді суық толқындары да болуы ықтимал.

Наверх