Қазақстандықтардың денсаулығын уақытылы тексертіп тұруы үшін не істеу керек? Германиядағы Аахен университет клиникасының гастроэнтеролог-гепатологы, Ұлттық онкология және трансплантология ғылыми орталығының профессоры және консультанты, GHTG.kz вице-президенті Қахарман Есмембетов жауап берді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Мен шетелде оқып, кейін елге оралып, Астанада 6 жыл жұмыс істедім. Қазір қайтадан шетелде жұмыс істеп жатырмын. Сол себепті өзім осында дәрігер болып жұмыс істегендіктен жергілікті жағдайды жақсы білемін деп айта аламын. Шынында, көп жағдайда науқастардың ауруы қатты асқынып кеткенде келетінін көріп жатамыз. Ондай жағдайда емдеу мүмкіндігі өте төмен. Енді оны қалай болдырмауға болады? Бірінші кезекте қарапайым халықты ақпаратпен көбірек қамтамасыз ету керек. Өйткені әр адамның денсаулығы өз қолында, - дейді Қахарман Есмембетов.
Оның сөзінше, мемлекет, дәрігерлер, медицина қызметкерлері және әртүрлі қауымдастықтар, ұйымдар ағартушылық жұмыстарын жүргізіп жатыр.
Іздеген адамға ақпарат табылады. Бірақ адамдардың да өз денсаулығына қызығушылығы болуы керек. Егер ондай қызығушылық болмаса, ауруының асқынып кеткенде диагноз қойылатын жағдайлар жиі кездесе береді. Сондықтан барлық адамға ақпарат қолжетімді болуы керек. Мысалы, интернет арқылы оны жүзеге асыру өте оңай. Егер бауыр ауруларына арналған сайттар қазақ немесе орыс тілдерінде қолжетімді болса және ол жерде аурулардың алдын алу үшін не істеу керегі нақты жазылса, көп көмек болар еді, - деп дәрігер ойын айтты.
Сондай-ақ дәрігер гепатиттің қалай алдын алуға болатынын айтқан болатын.
Елордада қазақстандық және шетелдік гепатологтар мен гастроэнтерологтардың басын қосқан «Gastro Hepato Transplant News-2024. Гепатология мен гастроэнтерологиядағы өзекті мәселелер» тақырыбында халықаралық VIІ ұлттық конгресс өтіп жатқанын еске сала кетейік.