Премьер-министр Олжас Бектенов Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосыновқа экотуризмді дамытуға қатысты сұрақ қойып, саладағы нақты нәтижелерге назар аударды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Үкімет басшысы Мемлекет басшысының жуырда «Түркістан» басылымына берген сұхбатында экотуризм саласының даму қарқынын сынға алғанын еске салды. Президент бұл бағыттағы жұмыстардың презентация деңгейінен аса алмай отырғанын атап өткен.
Ербол Қуантайұлы, өзіңізге мәлім, Мемлекет басшысы экотуризмді дамыту жұмыстары презентациядан әрі аса алмай жатқанын айтты. Осы бағытта нақты қандай жұмыстар атқарылып жатыр? – деп сұрады Олжас Бектенов.
Министр Ербол Мырзабосыновтың айтуынша, экотуризм бойынша ұлттық стандарт әзірленген. Сонымен қатар өңірлерде туристік орталықтардың құрылысы жүргізіліп жатыр. Инфрақұрылымды дамытуға мүмкіндік беретін заңнамалық түзетулер де қабылдануда.
Осы бағыттағы жұмысты әрі қарай жалғастырамыз, – деді министр.
Бұдан кейін "Kazakh Tourism" ҰК" АҚ басқарма төрағасы Талғат Ғазизов баяндама жасады.
Жиын барысында Премьер-министр жаңа тағайындалған басшыға нақты талап қойды.
Талғат Жанатұлы, сіз бұл қызметке жаңадан келдіңіз. Соған қарамастан, өзіңізден нақты нәтиже күтеміз. Нәтиже болса – әрі қарай жұмыс істейсіз, болмаса қоштасамыз. Келістік пе? – деді Олжас Бектенов.
Келістік, – деп жауап берді Талғат Ғазизов.