Ұлттық банк екі еншілес ұйымын біріктірді

12 Ақпан 2020, 12:01
1484
Бөлісу:
Ұлттық банк екі еншілес ұйымын біріктірді

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. ҚР Ұлттық Банкінің екі еншілес ұйымын - "Баспана" АҚ-ты "Қазақстанның орнықтылық қоры" АҚ-қа (бұдан әрі – "ҚОҚ" АҚ) біріктіру нысанында ерікті түрде қайта ұйымдастыру процесі аяқталды.

Бұл туралы Ұлттық банктің баспасөз қызметі хабарлады.

Компанияларды қайта ұйымдастыру екінші деңгейдегі банктердің қаржылық тұрақтылығын қамтамасыз ету мақсатында қайталанатын функцияларды біріктіру үшін жүргізілді. Енді қолданыстағы және жоспарланып отырған мемлекеттік бағдарламалар бір оператор – "Қазақстанның орнықтылық қоры" АҚ-тың қызметіне шоғырландырылатын болады. Бұл біріккен ұйым жұмысының тиімділігі мен транспаренттілігін арттыруға және сол үшін бөлінетін ресурстарды (қаржылық, адам және т.б.) оңтайландыруға мүмкіндік береді, - делінген Ұлттық банктің баспасөз хабарламасында.

Жоғарыда аталған екі компанияны қайта ұйымдастыру процесін бүгін жүргізілген талдаудан кейін "ҚОҚ" АҚ-тың BBB / болжамы "Тұрақты" деңгейіндегі шетелдік және ұлттық валютадағы ұзақмерзімді рейтингін растаған құжатты жариялаған Fitch Ratings халықаралық агенттігі бағалады. Рейтинг "ҚОҚ" АҚ-тың Қазақстан Республикасымен тығыз байланыстары туралы Fitch пікірін білдіреді. 

Енді біріккен компания:

- екінші деңгейдегі банктерді қаржылық қолдау арқылы банк секторының қаржылық тұрақтылығына жәрдем көрсету;

-  Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың "Президенттің бес әлеуметтік бастамасы" атты халыққа үндеуінде айтылған "Әрбір отбасына баспана алудың жаңа мүмкіндіктерін беру" бірінші бастамасының міндеттерін іске асыру шеңберінде әзірленген "7-20-25" мемлекеттік тұрғын үй бағдарламасын орындау бойынша жұмысын жалғастырады.

Банктерден қарыздар бойынша талап ету құқығын одан әрі сатып алуға қатысты айтар болсақ, бұл процесс "Қазақстан Республикасындағы банктер және банк қызметі туралы" ҚР Заңының 2020 жылғы 1 қаңтардағы өзгерістері негізінде лицензиясыз өтетін болады. Бұл екінші деңгейдегі банктерге Ұлттық банктің құрылымына кіретін ұйымның банктік қарыздары бойынша талап ету құқығын беруді жүргізуге мүмкіндік береді.

Өзгелердің жаңалығы