«Нашар». Смайылов жылыту маусымына дайындық туралы

27 Маусым 2023, 10:38
458
Бөлісу:
«Нашар». Смайылов жылыту маусымына дайындық туралы
Фото: ҚР Үкіметінің баспасөз қызметі

Премьер-министр Әлихан Смайылов жылыту маусымына дайындықтың нашар екенін мәлімдеп, жаз біткенше мәселе шешілмесе кадрлық шешім қабылдайтынын айтты, деп жазады BAQ.KZ тілшісі.

Қазірдің өзінде біз әкімдіктер мен орталық мемлекеттік органдардың жұмысынан бірқатар кемшілік көріп отырмыз. Мәселен, жүйелі оператор «KEGOC» компаниясы Жылу электр орталықтарындағы  күрделі жөндеу жұмыстарын бекітті. Бірақ бұл жұмыстар көптеген өңірде кешігіп жатыр. Ал, енді бірі жөндеу жұмыстарын тіпті келесі жылға қалдыруда. Мысалы, Атырау Жылу орталығында  турбиналарды жөндеу жұмыстары басталған жоқ. Мерзімнің бұзылуы – 60 күнді құрап отыр. Рудный Жылу орталығында да осындай жағдай. 45 күннен бері жұмыс тоқтап тұр. Теміртау қаласының ГРЭС-1-дегі қазандықты жөндеу жұмыстары жоспардан мүлдем алынып тасталған, – деді Смайылов.

Оның сөзінше, энергия объектілері иелерінің жауапкершілігін күшейту қажет. Олардың алдына қатаң түрде қарсы міндет қою керек. Өйткені, уәкілетті органдар 27 энергия өндіруші компания үшін көтерме тарифтерді бекітіп берді. Ол тарифтерді станциялардың өздері ұсынды. Министрлік ұсыныстарды қабылдады.

Жылу желілерін жөндеу жұмыстарының қарқыны өте баяу. 47 жобаның 30-ында ғана жұмыс жүріп жатыр. Желілерді техникалық тексеру жұмыстары да біткен жоқ. Уәкілетті орган мен әкімдіктердің арасында  үйлестірудің жоқтығынан осындай кемшіліктер орын алып отыр. Жалпы, жылыту маусымына дайындық жұмыстарын нашар деп бағалаймын, - деді ол.

Өзгелердің жаңалығы