NASA-ның Perseverance марсоходы (Марсқа жіберілген зерттеу аппараты) түсірген Марстың жаңа фотосуреттері жарияланды. Суреттердегі марстық пейзаж Жердегі табиғи ландшафттарға ұқсайтынын әлеуметтік желі қолданушылары байқаған.
NASA өз Instagram парақшасында Марстың беткі көрінісін бейнелейтін бірнеше фотосуретпен бөлісті. Кадрларда ежелгі марстық көлдің жиегі көрінеді.
NASA мәліметінше, ғалымдар осы аймақтағы тау жыныстарын зерттеу арқылы Марста бұрын су болған-болмағанын және бұл аумақта тіршілікке қолайлы жағдай қалыптасуы мүмкін болғанын анықтауға тырысады.
Фотосуреттер Марстағы Езеро кратерінің ішкі жиегі бойында түсірілген. Кадрларда қызғылт-қоңыр топырақты, төбелі және бедері әртүрлі аймақтар көрінеді.
NASA жариялаған суреттер әлеуметтік желіде үлкен қызығушылық тудырды. Жазбаға шамамен 105 мың лайк жиналған. Көптеген қолданушы Марсты өз көзімен көргісі келетінін жазды. Кейбіреулер суреттердегі табиғатты Жердегі шөлдерге ұқсатқан.
Айта кетейік, қазан айында Қазақстан тұрғындары да бірнеше астрономиялық құбылысты бақылай алады. Олардың қатарында Драконидтер мен Орионидтер метеор ағындары, Сатурнның қарсы тұруы және басқа да аспан құбылыстары бар.