Астана мен Алматыда көлігін ақылы автотұрақтарға қоятындардың проблемасы шешімін тауып келеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Мәжіліс депутаттары Нартай Аралбайұлы мен Үнзила Шапақ Астана және Алматы қаласы әкімдігіндегі тұраққа жауапты тұлғалармен жұмыс тобын өткізіп, бірқатар проблеманы талқылаған.
Нартай Аралбайұлы жиынның нәтижесін жариялады.
Астана қаласындағы ақылы автотұрақтар 2025 жылдың жаз мезгілінде толықтай әкімдікке өтетін болды. Ақылы автотұрақтың ақысын төлеуді ұмытып кеткендерге алдымен sms-хабарлама барсын дегенбіз. Алматы бір қадам жасапты. Алматыда ақылы автотұраққа кірсеңіз, ол жерде сізді камераға түсірсе, "сіздің көлігіңіз ақылы автотұраққа кірді" деген хабарлама келеді екен, - деді ол.
Сөзінше, жақында бұл жоба қалада толығымен іске қосылмақ.
Бұл біздің әкімшілік кодекске енгізген өзгерістерімізден кейін жасалған қадам. Енді біз "төлемді ұмытқандарға sms жіберілсін, содан кейін 24 сағат ішінде төлемегендерге ғана айыппұл салынуы мүмкін" деген талапты қойдық. Әкімдіктер "орындаудың амалын іздейміз" деді. Айтпақшы, ақылы автотұрақтардың ақысын төлемегендерге салынатын айыппұлдың құнын 3 есеге түсіргенімізді алдында айтқанмын. Заң наурызда күшіне енеді, - деп айтты депутат.
Мәжілісмен тағы бір жақсы жаңалығын бөлісті. Ол атағандай, бүгінде Астанада ақылы автотұрақта 5 минут қана тегін тұра аласыз. Депутат оның уақытын ұзарту керегін айтып, депутаттық сауал жолдаған. Сөзінше, Астана әкімдігі өкілдері тегін тұру уақытын 15 минутқа созуға келісіп отыр.
Нартай Аралбайұлы өзгеріс күшіне енгенде хабарлайтынын айтты.
Халыққа қызмет көрсету орталықтарының алдында ақылы автотұрақ болмау керек дедік. Әкімдік уәжбен келісті, іске асыру тетіктерін дайындап әкеледі, - деп қоса кетті Мәжіліс депутаты.